Жетісу облысында жол апатынан екі адам қаза тауып, 10 адам зардап шекті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жетісу облысындағы тасжолда қайғылы оқиға болды – жол апаты салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 10 адам зардап шекті. Мән-жайды өңірлік полиция баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жол-көлік оқиғасы болған жерден түсірілген кадрлар Instagram-дағы kris_p_kaz паблигінде жарияланды. Жазбада қайғылы оқиға 2026 жылғы 17 қазанда сағат 09:30 шамасында "Алматы – Өскемен" автожолының 143-шақырымында болғаны айтылған.
Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстік бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусының жүргізушісі алдында келе жатқан "КамАЗ" тіркемесімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам оқиға орнында қайтыс болған. Sprinter көлігінің тағы 10 жолаушысы әртүрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілген.
"Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп мәлім етті ведомстводан.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2444057-zhetisu-oblysynda-zhol-apatynan-eki-adam-qaza-tauyp-10-adam-zardap-shekti/