"Алдап көрмеді": ШҚО-да ауа райын ағашқа қарап болжайтын тұрғын жұртты таңғалдырды
Жарияланған күні:

Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Қайыңды ауылының тұрғыны Арман Шаяхметов қабырғаға қағылған самырсынның бұтағына қарап ауа райын болжайды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Егемен Қазақстан басылымна сілтеме жасап.
Арман Шаяхметов ауа райын үйінің сыртқы қабырғасына көлденеңдей қағылған самырсынның жіңішке бұтағына қарап болжайды. Шаяхметовтің сөзінше, бұл тәсіл өзін бір рет те алдап көрмеген екен.
Тұрғын қурап қалған ағаш белгілеп қойған мөлшерден көтеріңкі тұрса, күн ашық болатынын, ал аспанды ала бұлт торлап, күн жауа қоймайтындай болса, әлгі ағаш ортаға қарай түсетінін айтады.
Иіліп төмен түссе, екі күннен кейін жаңбыр құяды, дейді Қайыңды ауылының тұрғыны.
Күн райын бұлай болжауды Арман Шаяхметов баяғы заманда осы ауылдағы көнекөз орманшының үйінен көрген екен. Ал өз үйінің қабырғасына кейін ғана орнаттым деп отыр.
Ер адам алғашында кездейсоқтық шығар деп екі жақтағы қабырғаға екі шыбық қаққан. Бір қызығы, екеуі бір уақытта бірдей көтеріліп, бірдей түседі екен.
Қазір мұны көрген көрші ауылдың орманшылары да осы әдіспен ауа райын болжап жүрген көрінеді.
Дегенмен қураған самырсында табиғаттың қандай тылсым сыры бар екені беймәлім.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін белгілі қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова күздің бірінші айына болжам жасаған болатын.
Сонымен қатар синоптиктер бүгін 4 қыркүйекте Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауып, бұршақ жаууы мүмкін екенін хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/esoterics/interesting/1872573-aldap-krmedi-sko-da-aua-rajyn-agaska-karap-bolzajtyn-trgyn-zrtty-tagaldyrdy/