Отбасы

Зектілері

Жаңа жыл: бөлмені мерекеге сай қалай безендіруге болады

Жарияланған күні:

Безендірілген бөлме
Шырша құрып безенділірген бөлме. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаңа жыл қарсаңында үйдің әр бұрышы ерекше жайнай түседі. Жап-жарық гирлянд шамдары, түрлі әшекей бұйымдар мен шырша бұтақтары мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Ендеше заманауи сән әлемінжегі идеяларды жүзеге асырып, үй интерьерін жаңажылдық атмосферамен толықтыра түсіңіз.

Үйіңізді жылдың символына сай безендіріңіз

Шығыс күнтізбесіне сәйкес 2025 жылдың қамқоршысы Жасыл Ағаш Жыланы саналады, сондықтан биылғы жаңажылдық сәннің негізгі түсі жасыл және соған ұқсас реңктер болады. Негізгі түсті алтын мен күміс металл реңктерімен толықтырыңыз, бұл жылан қабыршақтарының жарқырағаны секілді әсерлі жарқыл береді.

Бөлмені безендірген кезде жыланның сыртқы көрінісіне ұқсас элементтерді қолданыңыз: зигзагтар, толқындар немесе шиыршықтар. Олар жаңажылдық ойыншықтардың пішінінде, тоқымадағы өрнектерде немесе шыршаны жыланның қозғалысын бейнелейтіндей айналдыра оралатын гирлянд шамдарында болуы мүмкін. Бөлмені безендірген кезде табиғи материалдарды (шырша бұтақтары, ағаш бұтақтары, мүк) пайдалану ұсынылады. Бұл элементтер мерекелік атмосфера орнатып, жыл символының табиғатпен байланысын көрсетеді.

Бөлмені сәндеу үшін қолдан жасалған әшекейлерді пайдаланыңыз

Homes & Gardens үй декоры мен дизайны туралы басылымның жазуынша, қолдан жасалған әшекейлер ерекше жаңажылдық безендіру саналады әрі оларды кейінгілерге қалдыруға мүмкіндік береді.

Хендмейд бұйымдарының басты ерекшелігі – оның қайталанбас бірегейлігі. Мұндай әшекейлер жасаған адамның талғамы мен стилін көрсетеді. Сонымен қатар олар жаңажылдық безендіруге жылулық пен шынайылық қосады. Таспалардан (лента) трендке сай бантиктер жасап, шыршаны безендіріңіз, камин сөресіне арналған шырша бұтақтарынан гирлянд жасаңыз немесе кіреберіс есікті жаңажылдық гүлтәжбен сәндеңіз. Терезелерді жаңажылдық қағаз қиықтарымен безендіріп, мерекелік үстелге шамдар, шырша бұтақтары мен бүрлерден композиция дайындаңыз.

Винтажды зер арқылы ностальгия нотасын қосыңыз

Ретро зерлерді пайдалану сұранысқа ие трендтердің бірі болып қала береді. Country Living үй шаруашылығы туралы онлайн-журналдың жазуынша, дүкеннен сатып алынған заманауи әшекейлер мұра ретінде қалған сүйікті винтажды коллекциялық заттардың ерекше тартымдылығымен салыстыруға келмейді.

Винтажды бұйымдар – бұл тек өткен заманның заттары ғана емес. Шыны ойыншықтар мен жаңажылдық мүсіншелер, ыдыстар, ретро стиліндегі гирляндтар мен шам қойғыштар отбасылық мерекелер мен дәстүрлердің тарихын сақтай отырып, ерекше атмосфера қалыптастырады. Егер сіздің коллекцияңызда осындай заттар болса, оларды үйіңізге қайталанбас жаңажылдық сән беру үшін қолданыңыз.

Жарқыраған өрнектерді қолданыңыз

Good Housekeeping журналының авторлары мерекелік безендіруге көбірек жарқын түстер қосу үшін "китчмас" трендіне назар аударуды ұсынады. Бұл стиль тәжірибе жасап көру үшін, шығармашылық пен ерекше шешімдермен тамаша үйлеседі, себебі мұндай зер жарқырау мен эклектиканы біріктіреді.

Өрнек көңілді әрі үйлесімді көрінуі үшін тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бір негізгі реңкті таңдап, оны жарқын акценттермен толықтырыңыз. Өрнекітің қанықтылығын бақылаңыз. Мысалы шыршаны максималды түрде безендірсеңіз, басқа аймақтарды минималистік стильде жасаңыз.

Шырша бүршігі
Есікке ілінген шырша бүршігі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Террасаға назар аударыңыз

Егер сіз жеке үйде тұрсаңыз әрі онда патио немесе терраса болса, бұл кеңістікті мерекелік атмосфера жасау үшін пайдаланыңыз. Southern Living лайфстайл-журналы ашық алаңдарды жаңажылдық гүлтәждермен, шамдармен және үлкен жарықтандырылған шарлармен безендіруге кеңес береді.

Жарық мерекелік атмосфера қалыптастыруда басты рөл атқарады. Шарбақ бойымен, шатыр немесе терезе жиегіне гирляндтарды іліп қойыңыз. Сондай-ақ LED-шамдар немесе қолданатын өрнек стиліне сай жарықтандырылған инсталляциялар орналастыруға болады. Терраса жанындағы өсімдіктерді де гирляндтармен безендіре аласыз. Гирляндтар мен шамдардың сыртта қолдануға арналғанына көз жеткізіңіз. Егер мүмкіндік болса, террасаға ыстық сусындар қоятын шағын үстел және көшеге арналған жылытқыш орнатыңыз.

Терезелерді безендіріңіз

Woman & Home журналы соңғы жылдары терезелерді жапсырмалармен және бүріккіштен жасанды қар шашу арқылы безендіру үрдісінің ерекше танымал болғанын жазады. Терезеге әдемі аяз өрнектері мен қар ұшқындарын жасау үшін жасанды қар баллондарын және трафареттерді қолданыңыз. Сондай-ақ арнайы әйнекке арналған маркерлермен суреттер салуға болады.

Өрнектерді қарапайым акценттермен толықтырыңыз. Перде ернеуіне шырша ойыншықтарынан композиция іліңіз. Бұйымдарды терезенің ортасына немесе екі жағына орналастыруға болады. Егер гирляндтардың жарқырағанын ұнатсаңыз, ойыншықтардың орнына гирлянд-перде іліңіз. Терезені ашуға кедергі келтірмейтінін және бөлмеге табиғи жарықтың еркін түсуін қамтамасыз етіңіз.

Каминнің сиқырын іске қосыңыз

The Spruce дизайн туралы басылымы камин жылы әрі жайлы мерекелік атмосфераны жасауға керемет мүмкіндік екенін жазады. Каминнің сөресін шамдармен және шырша бұтақтарымен безендіріңіз.

Егер үйде камин болмаса, жаңажылдық атмосфераны басқа да балама тәсілдермен жасауға болады. Мысалы каминнің орнын алмастыратын сәндік ағаш сөресін безендіріңіз немесе қораптардан каминге ұқсайтын бұйым жасаңыз. Жарық беретін гирляндтардың көмегімен бөлмені жарқыратыңыз. Тағы бір идея ретінде қабырғалардың біріне проектор арқылы каминде шытырлаған от бейнесін көрсете аласыз. Бұл ерекше әрі жайлы атмосфера қалыптастырады.

Камин пеші
Жанып тұрған камин. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қонақ бөлмеден басқа бөлмелерді де безендіріңіз

Жаңа жылда тек отыратын бөлме мен кіреберісті ғана емес, асүйді де безендіріңіз. Бұл жаңажылдық дастарқанға дайындық үшін көп уақыт өткізетін ханымдарға мерекелік көңіл-күй сыйлаудың тамаша тәсілі. Егер асүйде ашық сөрелер болса, оларды мерекеге арналған шағын бұйымдармен және жаңажылдық өрнектері бар ыдыстармен безендіріңіз. Кішкентай шырша бұтақтары мен қарағай бүрлерін үстелге композиция ретінде қолданыңыз.

Асүй ең алдымен тағаммен байланысты болғандықтан сөрелерге кептірілген апельсин бөліктері мен даршын бұтақтарынан гирлянд іліп қойыңыз. Бұл тек мерекелік атмосфераны жасап қана қоймай, асүйді дәмді хош иістермен толтырады.

Жаңажылдық шыршаны безендіру көп тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Қазір шарлар, таспалар (ленталар), гирляндтар, моншақтар, прәндіктер трендте. Шыршаны безендіру бойынша идеялар профильді ресурстарда жазылды.

Кеңсені жаңа жылға сай безендіру көңіл-күйді көтеріп, қызметкерлер мен келушілерге қуаныш сыйлайды. Трендтегі идеяларды таңдап, жұмыс орнын өзгертіңіз. Ол үшін дизайнер Фрид Рамстедттің ұсыныстарын қолданыңыз.

Жаңажылдық көңіл-күй ауланы безендіруден басталады. үйдің қасбетін қыс мезгіліне сай ерекше безендіру мерекелік атмосфера қалыптастырады. Дизайн бойынша кітап авторы Владимир Онищенко және Country Living журналының сарапшылары ауланы жаңа жылға қалай әдемі безендіруге болатыны туралы кеңестер берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/household/2203245-zhanga-zhyl-bolmeni-merekege-sai-qalai-bezendiruge-bolady/