Ұлиды, мияулайды, үреді, жорғалайды: квадробер деген кім және бұл тренд қалай пайда болған
Жарияланған күні:

Соңғы кезде "квадробер" және "квадробика" терминдері кеңінен талқыланып жатыр. Жаңа субмәдениетке еліктейтін жастар мен жасөспірімдер санының артуымен ата-аналар, қоғам белсенділері тарабынан алаңдаушылық та арта түсті. Сонымен квадробер деген кім, "квадробика" термині не мағынаны білдіреді? Материалымыздан оқыңыз.
- Квадробика – балалар мен жасөспірімдер арасында таралған жаңа субмәдениет, олар жануардың костюмін киіп, қимылдарын салады.
- Бұл субмәдениет алғаш Жапонияда пайда болып, АҚШ-та дами бастаған, әлеуметтік желілер арқылы тез тарады.
- Психологтар мен дін мамандары квадробиканың балалардың дамуына кері әсері болуы мүмкін екенін, ал шариғат тұрғысынан құпталмайтынын айтады.
Квадробика – балалар мен жасөспірімдер арасында кең таралып келе жатқан жаңа субмәдениет. Бейресми спорт түрі ретінде де түсіндіріледі. Оның басты ерекшелігі – жануарлардың іс-қимылына еліктеу, жануар болып киініп, жануарлардың іс-қимылын салу. Бір қарағанда, бұл ойынның еш зияны жоқ болып көрінгенімен, кейбір квадроберлер адамдарға не жануарларға тап беріп, тосын қылық көрсеткен жайттар көбейген.
Квадробер деген кім?
"Квадробика" деген атау quattuor – төрт және "аэробика" сөздерінен шыққан.
Квадроберлер көбіне 7-14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, олар квадробиканы спорттық жарыстан гөрі ойын ретінде қабылдайды.
Процесс барысында қатысушылар әртүрлі жануарлардың іс-қимылын салады немесе бір жануарды таңдайды.
Оларды көбінесе фурри субмәдениетпен шатастырып жатады. Дегенмен екеуінің арасында айырмашылық бар. Квадроберлер тек жануарлардың костюмін киіп қана қоймай, іс-қиымылын да айнытпай салады: үреді, ұлиды, жорғалайды және т.б.
Квадроберлер образының негізгі элементі – бетперде. Оның үстіне бетперде де, костюм де барынша жануарларға ұқсатып жасалады: жасанды тұмсық, құйрық жалғап алады.
Квадробиканы кім ойлап тапқан?
Квадробика алғаш Жапонияда пайда болды. 2008 жылы спринтер Кеничи Ито 100 метр қашықтықты 18,58 секундта төрт тағандап жүгіріп өтіп, рекорд орнатты. Оны тіпті маймыл адам деп те атап кеткен. Тағы бірнеше жыл жаттығудан кейін ол 100 метрді 15,71 секундта бағындырып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Бірақ квадробика субмәдениет ретінде АҚШ-та дами бастады.
2022 жылы америкалық Колин Маклюр 15,66 секунд көрсеткішімен Кеничи рекордын жаңартты. Спортшының айтуынша, ол квадробика туралы бейнероликтерді ғаламтордан көріп, бойында туа біткен дарын бар екенін түсінген кезде жаттығуға кіріскен.
2020 жылдан бастап жануарларға еліктейтіндер саны көбейе бастады. Тренд әлеуметтік желілер арқылы тез тарады. Кейбіреулер квадробикамен әлеуеттік желіде көбірек жазылушы жинау үшін айналысатынын айтқан.
Балалар неге жануарларға еліктейді?
Балалар психологы Кристина Егорованың түсіндіруінше, кішкентай балалар үшін қиял мен шындық арасында іс жүзінде ешқандай шекара жоқ. Өйткені мектеп жасына дейінгі балалардың жетекші әрекеті – ойын. Ал ойынды қызықты ету үшін оған қиялы көмекке келеді.
Бала төрт тағандап тұрғанда, ол автоматты түрде ит немесе мысықтың образына енеді. Ол жануарлардың әдеттерін қабылдай бастайды. Егер бала жануарлардың киімін кисе, ол бәрі мүмкін болатын қиял әлеміне тереңірек ене бастайды.
Ойша жануарға айналу балаға қорқынышын бақылауға, эмоцияларын білдіруге көмектеседі. Көбіне бұл жаста оны түсіну немесе сөзбен айту қиын. Мұндай сәттерде бала ойдан шығарылған әлеміне еніп, ойша кез келген нәрсеге айнала алады. Сонда бұл жер еркіндік пен күштің символына айналады.

Ойын арқылы балалар жаңа нәрселерді ашады, басқалармен қарым-қатынас жасауды және олардың эмоцияларын сезінуді үйренеді және әлемді басқа көзқараспен зерттейді.
Квадробика – кішкентай кезде психологиялық және эмоциялық дамудың маңызды бөлігіне айналатын тағы бір құбылыс. Өйткені мұндай ойынды ойнау үшін балалар қай жануар болатынын, сюжетін, костюмдерін, ойын шартын келісіп алуы керек.
Жасөспірімдер неге жануарларға еліктейді?
Бала есейгенде жануар болып киіну ойыны мүлде басқа сипат алуы мүмкін. Мысалы, мұндай әрекет көбіне ол жеңе алмайтын мәселелерден, шындықтан қашу тәсілі болып саналады.
Жасөспірімдік шақтың ең басты мақсаты – өзін-өзі іздеу, сол жолда адам өзін басқалармен салыстырады. Жалғыздыққа тап болған, көңілсіз және бәрінен көңілі қалған жасөспірімді елестетіп көріңізші, ата-анасының қолдауын сезінбейді және оның мектепте уақыт өткізетін достары жоқ.
Мұндай жағдайларда образ жасау жасөспірім үшін наразылық немесе өзінің ішкі алаңын білдіру әрекетіне айналады. Ол өзін тек өз күшіне сүйеніп, орманды кезіп жүрген қасқыр ретінде елестете бастауы мүмкін. Мұндай рөлде жасөспірім өзін ауыртпалық түсіретін әлеуметтік нормалар мен одан бірдеңе шығады деп дәмеленетіндерден еркін сезінеді.
@.raiskatherian8 Це мене моя сестра зняла і вона дуже жобре впоралася! #україна #едіт #квадробіка #стрибок #квдтоп #укртоп #ятоп? #edit ♬ original sound - ੈ✩‧₊˚
Квадробика несімен қауіпті?
Балалар психиатры және психотерапевт Антонина Перекрестова бұл ойын түрі интеллекті дамытпайды, тіпті оны тежеуі мүмкін деп есептейді:
"Бұл мінез-құлықты тудыратын себептерде қауіп бар. Тоғыз жасқа толмаған баланың саябақта бетперде киіп жорғалап жүруі – қалыпты жағдай, бірақ одан ересек балалардың бос уақытында топтасып, жануарлар бетпердесін киіп алып жүруі – ауытқу. Егер бала бір-екі ай ойнап, өзі немесе ата-анасымен бірге пайдалы дамыту әрекеттеріне ауысса жақсы. Егер олай болмаса, ата-аналар баланың өзін шығармашылық тұрғыдан дамытуға, оқудағы жетістіктерін жақсартуға және психологиялық жағдайын балалар психологы мен психиатрымен талқылауға мүмкіндігі бар-жоғына назар аударуы керек".
Ойынның ықтимал салдары
Кез келген субмәдениет бала мен жасөспірім үшін қауіпті болуы мүмкін. Квадробика да осы санатқа жатады. Егер ата-анасы баласының мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқамаса, бұл мына жайттарға әкеп соқтыруы мүмкін:
- оқшаулану;
- күйзеліс;
- психикалық ауытқулар.
Бұған жол бермеу үшін баланы бақылап, онымен сөйлесу маңызды. Егер жасөспірім шектен шығып кетсе, ата-аналар оған міндетті түрде көмекке келуі керек.
@.raiskatherian8 Це мене моя сестра зняла і вона дуже жобре впоралася! #україна #едіт #квадробіка #стрибок #квдтоп #укртоп #ятоп? #edit ♬ original sound - ੈ✩‧₊˚
Квадроберлер жөнінде дін мамандары не дейді?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, квадроберлер әрекеті шариғатқа қайшы келеді:
"Квадробика төрт аяқтап жүгіретін бейресми спорт түріне жатады екен. Қазір балалар әртүрлі жануарлардың бейнесіне еніп, төрт аяқтап жүріп, маска, құйрық тағып, әртүрлі жан-жануарға еліктеу субмәдениетін қалыптастырып жатыр екен. Мұндай көрініс шариғатымызда тыйым салынған істерге жатады.
АллаТағала Құран кәрімде, Исра сүресінің 70-аятында: "Расында біз адам баласын құрметті, қасиетті еттік" дейді. Яғни осы жаратылыстың ішіндегі ең құрметтісі, ең абыройлысы – адам баласы.
Сондай-ақ Тин сүресінде "Біз адамзатты ең көркем келбетте жараттық" дейді. Яғни біздің келбетіміз, екі аяқтап жүруіміз – бұл Алланың бізге берген сыйы.
Ал Ниса сүресінің 119-аятында АллаТағала шайтан адамзатты қалай азғыратынын бізге баяндаған. Шайтан айтады: "Мен адамзатқа бұйырамын, олар Алланың жаратылысын өзгертеді" дейді.
Демек, бұл аяттардан түсінетініміз, квадроберлердің жануарлар секілді төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеп, еліктеуі – дініміз тыйым салған амал болып есептеледі және Алланың адамзатты қасиетті қылып жаратқанына қайшы келеді".
Квадробика тақырыбы мәжілісте де көтеріліп, депутат Дәулет Мұқаев бұл мәселені құзырлы органдар қарауына алуы керек деп есептейтінін жеткізді.
Жалпы квадробика туралы қазақ қоғамында көзқарас екіге бөлініп отыр. Бірі – оны баланың ойыны деп қараса, енді бірі – квадробиканың белең алуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдау қажет деп есептейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/psychology/2184140-ulidy-miiaulaidy-uredi-zhorgalaidy-kvadrober-degen-kim-zhane-bul-trend-qalai-paida-bolgan/