Отбасы

Зектілері

Екі жұптың жас айырмашылығы қандай болғаны дұрыс: психологтар кеңесі

Жарияланған күні:

Қыз бен жігіт
Гүлдесте таққан қыз бен қыздың маңдайынан сүйген жігіт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Махаббат оң мен солға қаратпайды, десе де жас айырмашылығы қарым-қатынастың ұзақтығына әсер етуі мүмкін. Екі жастың жас айырмашылығы жайлы нені білу керек? NUR.KZ бұл тақырыпты кеңінен ашу үшін психолог Дарья Донинаның пікірін білді және психология туралы басылымдардағы материалдарды ақтарып көрді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Психолог Дарья Донинаның айтуынша, жұп арасындағы ең қолайлы жас айырмашылығы 2-5 жыл, ал 7-10 жас немесе одан да көп жас айырмашылық қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін.
  • Жас айырмашылығы үлкен жұптарда әр түрлі қиындықтар болуы мүмкін, бірақ олар сәтті неке құра алады. Маңыздысы - бір-бірін түсіну және қоғамның пікіріне аса мән бермеу.
  • Зерттеулер көрсеткендей, жас айырмашылығы аз жұптың ажырасу ықтималдығы төмен, ал 10 жастан жоғары айырмашылық кезінде ажырасу қаупі 39%-ға дейін өседі.

Қандай жас айырмашылығы мінсіз саналады?

NUR.KZ-ке эксклюзивті сұхбат берген психолог Дарья Донина жұп арасындағы мінсіз жас айырмашылығы 2-5 жыл аралығында екенін айтты. Мұндай айырмашылықтың артықшылығы екі жастың өмірге, әлемге деген көзқарасының ұқсастығы, ортақ қызығушылықтары мен мақсаттарының бірдей болуында жатыр.

Ал жұп арасындағы жас айырмашылығының жайсыз тұстары жас жұбайлардың біреуі 7-10 жас немесе одан да көп жылға үлкен болғанда байқалады. Мұндай жағдайда ұрпақтар арасындағы айырмашылық, әр түрлі қарым-қатынас шеңбері пайда болады, кейбіреулер өз жұбайын туыстарына немесе достарына көрсетуге ұялады, - деп түсіндірді Дарья Донина.

Мінсіз жас айырмашылығын анықтаған кім екені белгісіз, бірақ ондай формула бар. Төменгі диапазон – бұл жасыңыздың жартысы плюс 7, ал жоғарғы диапазон – жасыңыздан 7-ні алып, екіге көбейту. Шындығында мұның өмірлік тәжірибемен ешқандай байланысы жоқ, - деп жазады The Economist басылымының авторы Сумайя Кейнс. Тәжірибелік зерттеулер көрсеткендей, ерлер мен әйелдердің некедегі жас айырмашылығы туралы түсініктері әр түрлі. Танысу сайттарында әйелдер өзімен жасты немесе 1-2 жас үлкен ер адамды іздейді. Ерлер болса өз жасына қарамастан, 20 жастағы қыздарға көз тігеді.

Қар астындағы жұп
Қар жауғанда кездесуге шыққан жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Адамның таңдауына салт-дәстүр әсер етеді. Біздің қоғамда ер адамның қыздан сәл үлкен болуы керек деген түсінік бар. Психолог Дарья Донина бұл психологиялық тұрғыдан әкемен байланысты деп санайды:

Бұл – өмірден тәжірибе жинаған, ақылды, күшті және өзін бағалай білетін адам.

Алайда біздің қоғамда белгілі бір стереотиптер де қалыптасқан, - дейді психолог:

Әйелдің балалары болса, ол ешкімге қажет емес, ал 35 жастан асқан әйелдер – қартайған бикештер деген пікір бар. Ал осы жастағы ерлер "ең белсенді" болып саналады, сондықтан оларға жас әйелдермен қарым-қатынас жасауға рұқсат етіледі.

Мінсіз жас айырмашылығы салыстырмалы болады және әрбір ереженің де ерекшеліктері бар. Екі адамның бас қосуына көптеген фактор әсер етеді.

Неліктен адамдар өзінен едәуір үлкен немесе кіші адамды таңдайды?

Ер адам немесе әйел өзінен әлдеқайда үлкен немесе кіші адамды түрлі себеппен таңдайды. Психолог Дарья Донина мынадай мысалдарды атап өтті:

Жасы үлкен адамдар көбіне өзін үстем сезіну, бақылау жасау немесе өзіне бейімдеу мүмкіндігі болғаны үшін жасы кіші адамды іздейді. Әрдайым бұлай бола бермейді, бірақ осындай жағдайлар жиі кездеседі. Жасы кіші адам өзінен үлкен адамнан мәртебе, даналық іздейді. Бұл ата-ананы мінсіз санаудан туындайды.

Мұның себебі психологиялық мәселелермен байланысты болуы мүмкін. Мысалы әйел қыз күнінде ата-анасынан, әсіресе әкесінен махаббат пен қамқорлықты сезінбеген жағдайда егде жастағы еркекке ғашық болуы мүмкін. Ал жігіттерге бала кезінде анасының махаббаты жетіспесе, жасы үлкен әйелді таңдайды. Ал қыздар олардан ересек баланы, яғни толыққанды қарым-қатынасты емес, ересек бала рөлін іздеуі мүмкін, өйткені олар үнемі біреуге қамқорлық жасауға дағдыланған немесе өзін құрбан ретіндегі рөлдерін орындауды саналы түрде таңдайды.

Мұндай қарым-қатынаста көп күдік болады әрі жұптың бірі сүйіктісінен әлденені күтіп жүреді. Егер қалауы орындалмаса, көңілі қалады, бұл некенің бұзылуына себеп болуы да ғажап емес.

Егде жастағы жұп
Егде жастағы ер мен әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жұлдыздар арасында да жас айырмашылығы бар жұбайлар жиі кездеседі. 1960 жылдардың жұлдызы Одри Хепберннің де өзінен кіші серіктері болған: Андреа Дотти – 10 жас кіші, Роберт Уолдерс – 7 жас кіші. Брюс Уиллис пен оның сүйіктісі Эмми Хеминг арасындағы жас айырмашылығы 23 жыл, ал Джордж Клуни мен Амаль Аламуддин арасында 17 жыл айырмашылық бар.

Кейде жас айырмашылығы әжептәуір жұптың арасындағы некенің материалдық пайда үшін жасалатыны туралы пікір бар, бірақ бұл да кейде шындыққа жанаспайды. Мұндай қатынаста көптеген кедергі мен себептер бар.

Жас айырмашылығы жұптың болашағына әсер ете ме?

Егер жұп арасында жас айырмашылығы үлкен болса, бұл олардың некесінің сәтсіз болатынын білдірмейді, - деп сендіреді психолог Дарья Донина:

Қоғамның сіздің таңдауыңызды қолдамайтынына, сынға алатынына және талқылайтынына дайын болу керек. Адамдар әрқашан баға береді, бағалай да береді. Барлығын қатты көңілге алмау керек.

Некенің сәтті болуы жұбайларға байланысты. Әдетте жас айырмашылығы артқан сайын жұп арасында келіспеушілік көбірек туындайды. Бір-бірімен тіл табысып, серігіңізді тыңдай білу маңызды, сонда бәрі жақсы болады.

Жас айырмашылығын айта отырып, биологиялық көрсеткішті ғана емес, эмоциялық жетілу деңгейін де ескеру қажет, - дейді қарым-қатынас маманы Дарья Донина:

Мысалы 35-40 жастағы әйел эмоциялық тұрғыдан жетілмеген болуы мүмкін, ал 20 жастағы жігіттің эмоциялық күйі ересек адамға тән болып шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай жұп барлық бастамада табысты болып жатады.
Мотоциклге мінген жұп
Мотоциклмен кетіп бара жатқан жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Біздің қоғам жас айырмашылығы кіші некені қолдайды, ал 10 жас және одан көп айырмашылық болса, бұл адамдарды таң қалдырады. 2017 жылы Франция президенті болып 45 жастағы Эммануэль Макрон сайланған кезде оның жары Брижит Троньенің одан 25 жас үлкен екені белгілі болды. Адамдар қатты таң қалды. Le Parisien басылымында Макрон тіпті олардың жас айырмашылығына деген халықаралық қызығушылықты, қарым-қатынасының берік екендігіне сенбеушілік болғаны жайлы пікір білдірді. Бұл жұптың бірге болуы үшін көп қиындықты жеңуі керек болды. Олар мұны істеді. Бірақ әр адамда олай бола бермейді, өйткені мұндай жұптарда бақытты өмір сүруге кедергі болатын фактор өте көп.

Жас айырмашылығының қарым-қатынасқа әсері

Жас айырмашылығы қарым-қатынаста қандай рөл атқарады? Жас айырмашылығы әр жұптың өмірінің аспектілеріне және олардың жалпы қарым-қатынасына әсер етеді. Мұны жұптың өзін-өзі бағалауы, мақсатқа ұмтылысы, өмірлік басымдықтары мен құндылықтары, физикалық және психикалық саулығы, тіпті өмір сүру ұзақтығымен байланыстыруға болады.

  • 5 жасқа дейін. Зерттеушілер алтын орта ретінде жұп арасында 1 жылдық айырмашылықтың болғаны жақсы деп есептейді. Мұндай жұптың ажырасу ықтималдығы төмен, барлығы - 3 %. Австралиядағы зерттеу 1-3 жас айырмашылығы бар әрі ер адам үлкен болған жұптың жағдайы өте жақсы екенін көрсетті.
  • 7 жасқа дейін. Егер қыз 18 жаста, ал жігіт 25 жаста болса, бұл айырмашылық қалыпты. Себебі жігіт оқуын бітіріп, кәсіби бағытын анықтап, өмірлік басымдықтарын белгілейді және отбасын құруға дайын. Ал қыз әлі сол кезеңдерді басынан өткеріп жатыр, бірақ сенімді серіктестің қолдауы барлық нәрсені тездетуі мүмкін. Әйел мен ер адам неғұрлым үлкен болса, 7 жас айырмашылығы соғұрлым аз байқалады.
  • 10 жасқа дейін және одан көп. 10 жасқа дейінгі жас айырмашылығы бар жұпта ажырасу ықтималдығы 39%-ға өседі, ал 20 жылдық айырмашылықта бұл көрсеткіш 95%-ға дейін артады, - деп жазады Independent авторлары. Стокгольм университетінің философия докторы Свен Дрефаль жасы әр түрлі жұптарды зерттей отырып, әйел өзінен үлкен ер адаммен қысқа өмір сүретінін, ал ер адамның ұзақ өмір сүретінін айтады.

Жұп арасындағы жас айырмашылығы неғұрлым үлкен болса, қарым-қатынаста қиындықтар туындау ықтималдығы да соғұрлым жоғары болады, - дейді психологиялық саулық бойынша лицензиясы бар кеңесші Джина Мари Гуарино.

Кез келген жұп үшін жас айырмашылығын жеңудің кілті – дұрыс қарым-қатынас пен түсіністік. Жұп арасындағы жас айырмашылығы қаншалықты үлкен болса, олардың үйлесімді қарым-қатынас орнатуы үшін соғұрлым көп күш салуы қажет. Бірақ бұл жағдай кез келген жас айырмашылығындағы жұп арасында болуы да мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/psychology/2185047-eki-zhuptyng-zhas-aiyrmashylygy-qandai-bolgany-durys-psihologtar-kengesi/