Отбасы

Зектілері

Қазақстанда ерлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеге ме

Жарияланған күні:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны. Көрнекі сурет: pexels.com

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 2 пайыз үлесі ерлерге тиесілі. Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте "Дағдарыс орталықтары одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Зульфия Байсақова айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Зүлфия Байсақова бұл саладағы 25 жылдық тәжірибесінде ерлер де қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болатын жағдайлар кездесетінін айтып берді.

"Зорлық-зомбылық құрбандарының ішінде 2 пайыз үлесі – ерлер. Әдетте бұл адамдар түсініспеушіліктен, психологиялық және кейде физикалық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Ағайындылар арасында, әпкелерінен зардап шегеді. Сирек жағдайда әйелінің тарабынан зорлық-зомбылық көретін жағдайлар болады. Бір сондай жағдай болған", - деп түсіндірді маман.

Оның сөзінше, бұл мақсатта кеңес беру, психологиялық көмек көрсету сияқты шаралар көрсетіледі. Алайда, маманның сөзінше, қазіргі уақытта дағдарыс орталықтарында ерлерге уақытша тұруға мүмкіндік берілмейді.

"Себебі бұл экономикалық тұрғыдан ақылға сыйымсыз және біз әрдайым отбасын сақтап қалуға жағдай жасаймыз. Кейде жұмысқа орналасуына көмектесеміз, болмаса басқа да көмек орталықтарына жібереміз. Туыстарының үйінде тұрғызу мүмкіндігін де қарастырамыз. Алайда қазіргі уақытта ушығып тұрған мәселе – ерлердің агрессиясының алдын алу. Зардап шеккендерге көмек көрсету мен оңалтуына өте көп қаражат жұмсаймыз, бірақ сол зорлық-зомбылықты жасайтындармен күрес үшін бірде-бір тиын бөлмейміз.

Біз қазіргі таңда зорлық-зомбылық құрбанына көмек көрсету үшін коррекциялық бағдарлама әзірледік. Оған қандай көмек көрсетілуі керегін анықтау үшін учаскелік полицей де, психолог та істі сотта қарап, агрессорға жазалау шарасы ретінде коррекциялық орталықтарға жіберу мүмкіндігін қарастырамыз", - дейді ол.

Осы мақсатта республикалық Психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп әдістемелік жасалып жатыр екен. Бұл әдістемелік құрал осы аталған жұмысты оңтайлы жүргізуге арналған.

Айта кетейік, полицияның мәліметінше, 2024 жылдың 10 айында Алматыда әйелдерге қатысты 7705 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға аз.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылы қаланың оқу орындары мен ұйымдарында 160 дәріс, тренингтер мен кездесулер өткізілді, оларға 1000-нан астам тұрғын қатысты. Қалалық билбордтарда отбасылық зорлық-зомбылықпен күресуге, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды сақтауға шақыратын әлеуметтік роликтер мен ұрандар бар.

Сонымен қатар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 776 әйелге консультациялық көмек көрсетті. Дағдарыс орталықтарына 150 әйел жіберілді, олардың 45-і балаларымен бірге "Жан-Сая" дағдарыс орталығын паналады, 9 әйел "Аналар үйі" баспанасынан қолдау тапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/psychology/2192021-qazaqstanda-erler-turmystyq-zorlyq-zombylyqtan-zardap-shege-me/