Ғалымдар: Пәлеқор туыстармен қарым-қатынас адамды тез қартайтып жібереді
Жарияланған күні:
Халықаралық ғалымдар ұжымы туысқандармен өзара әрекеттесу адамның нақты биологиялық жасына қалай әсер ететінін зерттеп көрді. Зерттеу нәтижелері PNAS журналында жарияланды, деп хабарлайды naked-science.ru сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ғалымдар Индиана штаты тұрғындарына зерттеу жүргізген. Зерттеуге қатысушылардан жақындарымен қарым-қатынасы туралы егжей-тегжейлі сұрастырылған. Олар үнемі араласатын адамдарының тізімін жасап, белгілі бір адамның қаншалықты жағымсыз сөздерімен не әрекеттерімен өмірін қиындатып жүргені жөнінде ағынан жарылған. Мұндай адамдарды ғалымдар "пәлеқор адамдар" санатына енгізіп, мұндай қарым-қатынастың салдарын жеке зерттеуге кірісті.
Респонденттерден екі көрсеткішті саралау үшін сілекей үлгілері жиналды: қартаю қарқынын өлшейтін DunedinPACE және биологиялық пен хронологиялық жас арасындағы айырмашылықты өлшейтін AgeAcceleratedGrimAge2. Зерттеушілер "пәлеқор адамдар" жиі кездесетінін, респонденттердің шамамен үштен бірінің жақын ортасында кем дегенде бір осындай адам бар екенін анықтады.
Сондай-ақ ғалымдар тағы бір айқын заңдылықтың куәсі болған: әйелдер, темекі шегетіндер, денсаулығы бұрыннан сыр беріп жүрген адамдар және балалық шағында жағымсыз тәжірибені бастан кешіргендер басқаларға қарағанда "пәлеқор адамдармен" қарым-қатынасқа жиі тап болады.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, "пәлеқор адамдармен" араласу мен қартаю арасында тікелей байланыс бар. Ғалымдардың айтуынша, әрбір "пәлеқор туысқанмен" қарым-қатынас адамның биологиялық қартаюын шамамен 1,5 пайызға тездете түседі. Жылдарға шақсақ, мұндай қарым-қатынасқа тап болған адамдардың биологиялық жасы өзгелермен салыстырғанда шамамен тоғыз айға көбірек болады.
Зерттеу авторларының пікірінше, бір "пәлеқор туысқаннан" болатын кері әсер темекі шегу сияқты әдеттен болатын кері әсердің 13-17 пайызына тең келеді.
Ғалымдар сонымен қатар байланыстарды үш санатқа бөлді: жұбайлар, туысқандар және таныстар. Зерттеу барысында қартаюдың жеделдеуіне көбіне жұбайлар емес, туысқандар себеп болатыны анықталған: ата-аналар, ересек балалар мен бауырлар.
Осылайша ғалымдар деннің саулығы үшін "пәлеқор туыстармен" жиі қарым-қатынасқа түсуді барынша азайтуға кеңес беріп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/psychology/2355519-galymdar-paleqor-tuystarmen-qarym-qatynas-adamdy-tez-qartaityp-zhiberedi/