"Елімізде бұрын-соңды кездеспеген": Атырауда сарматтар дәуіріндегі ерекше алтын бұйымдар табылды (фото)
Жарияланған күні:

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы қорымдардан елде бұрын-соңды кездеспеген бұйымдар табылды, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылының солтүстігінен 10 шақырым жерде орналасқан "Қарабау-2" қорғанының диаметрі 70, биіктігі 3 метр. 2023-2024 жылдары қорғанға жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 қабір зерттеліп, оның жетеуінің тоналмағандығы анықталды.

"Қабірлерді зерттеу барысында олардың біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда салынғаны белгілі болды. Олардан түрлі әшекей бұйым, заттар, қару-жарақтар мен керамикадан, сүйектен жасалған ыдыстар табылды. Археологтардың сөзінше, мәйіттерді топтап жерлеген жағдайлар да кездескен. Обалардан табылған әшекейлер мен пайдаланған бұйым мен қару-жарақтарға қарап мамандар "патшалық обалар" деген баға беріп отыр", - деп пікір білдірді Өңірлік коммуникациялар қызметі өкілдері.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің 2 жылдық археологиялық жұмысының нәтижесі "Сармат алтындары" көрмесінде таныстырылды.

"Ғалымдар осыған дейін біздің аймақты Сармат империясының шеті деп есептеп келген. Біз жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесіне қарап Каспий ойпаты, Жайық, Жем өзенінің маңы кезіндегі үлкен империяның орталығы деп айтуға болады. Жалпы табылған жәдігердің саны мыңға жуықтайды. Оның жүз шақтысы — алтын әшекей мен зергерлік бұйым. Олар аң стилі негізінде жасалған. Сол дәуірде өңірді мекендеген жыртқыштардың бейнесі (барыс, қабан, жолбарыс, киік) табылған заттардан байқауға болады. Осы зерттеу жұмысының аясында бұрын кездеспеген ағаштан жасалған қос тостаған жақсы күйде сақталыпты. Қазіргі уақытта олар реставрацияда" деді археологиялық экспедицияның басшысы Марат Қасенов.

Жалпы 3 оба қазылған. Әрқайсысынан шамамен 10-15 қабір анықталып отыр. Археологтардың айтуынша, сарматтар тәңірлік діни көзқараста болғандықтан қолданған бұйымдарымен қатар, қолданған заттары мен қару-жарақтарымен бірге жерленген. "Қарақұдық-1", "Қарақұдық-2" қорғандары Қарабау ауылынан солтүстік батысқа қарай 9,7 шақырым қашықтықта орналасқан.

Қос қорғанды зерттеу барысында да күміс пиктограмма (ақбөкеннің, қасқырдың суреттері), зергерлік бұйымдар, тұрмыстық бұйымдар, темір мен қоладан жасалған қару-жарақтар сынды дүниелер табылды.

Қазба жұмыстарына 20 жұмысшы мен музейдің 5 қызметкері қатысқан. Астана мен Алматы қаласынан антропологтар шақырылған. Жалпы барлау жұмыстарының нәтижесінде Қарабау ауылының маңындағы обалар 2005 жылы анықталыпты. Археологтардың айтуынша, қазіргі уақытта Атырау облысында 500-ге жуық сармат обасы бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2215619-elimizde-buryn-songdy-kezdespegen-atyrau-oblysynda-erekshe-altyn-buiymdar-tabyldy-foto/