Түркістан облысында мектеп түлегі әлемнің 80 университетінен оқуға шақырту алды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Қ.Аманжолов атындағы №22 жалпы білім беретін мектептің түлегі Нұрәлі Медина әлемнің 80-нен астам жетекші университетінен білім алуға ұсыныс алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігінің ресми Telegram арнасындағы ақпаратқа сәйкес, Нұрәлі Медина АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарынан 80-нен астам ұсыныс алып, өз білімінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.
Беделді халықаралық университеттер талапкердің академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттері мен қоғамдық белсенділігін жоғары бағалап, грант ұсынған.
"Нұрәлі Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге қажетті академиялық дайындық деңгейін көрсетті.
Мектеп қабырғасында ол үздік оқушылардың қатарынан көрініп, ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысты. Ағылшын тілі пәнінен "Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері" тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, республикалық "Ой зерек" олимпиадасының жеңімпазы атанды.
Қазіргі таңда Нұрәлі Медина өзіне ұсынылған көптеген мүмкіндіктің ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниет білдіріп отыр. Ол сапалы халықаралық білім алып, болашақта жинаған тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етеді", - делінген министрлік хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/school/2385275-turkistan-oblysynda-mektep-tulegi-alemning-80-universitetinen-oquga-shaqyrtu-aldy/