700-ден астам қате мен ескертпе анықталды: Қазақстанда мектеп оқулықтары қашан жаңартылады
Жарияланған күні:
Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Мұны премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Аида Балаева мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар.
"Әсіресе ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр", - дейді Аида Балаева.
Оның айтуынша, қолданыстағы бірқатар оқулық белгіленген жаңарту мерзімінен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қайта қаралмаған. Жекелеген оқу басылымдары тоғыз жылға дейін мазмұндық тұрғыдан елеулі өзгеріссіз қолданылып келеді.
"Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады", - деді Аида Балаева.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/school/2386626-qazaqstanda-mektep-oqulyqtary-qashan-zhangartylatyny-belgili-boldy/