"ТЖБ, БЖБ-ны алып тастай ма": 2026-2027 оқу жылында оқушыларды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр
Жарияланған күні:

Жаңа оқу жылындағы жаңашылдық. Қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушылары цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект пәнін меңгереді. Ал жоғары сыныптарда информатика және жасанды интеллект сабағы өткізілмек. Осы орайда "КТК" арнасы 2026-2027 оқу жылында қандай жаңашылдықтар күтіп тұрғанын назарға ұсынды.
Информатика сабағы жаңа оқу жылынан бастап енді түрленеді. Құлаққа үйреншікті пәнге жасанды интелеллектіні үйрету негіздері қосылады. 1-сынып оқушылары ЖИ-ге сауатты сұрақ қойып, мәтін жазуға дағдыланса, ал жоғары сынып тәлімгерлері күрделі жобаларды өздігінше талдап, жасап шығаруға мүмкіндік алады.
"Неліктен пән атауы өзгертілді? Бұл тек пән атауын өзгерту ғана емес, жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бір бөлігіне айналды. Осыған байланысты пәндердің мазмұнынан жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер мен 43 оқу-мақсаты енгізілді", - дейді Ы.Алтынсарин атындағы Орта білім институты ҰТА директорының орынбасары Пернегүл Таубай.
Оқу жылының басталуына үш апта қалды. Қазір білім ордаларының техникалық жарақтандырылуы мен тұрақты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі күйіп тұр. Бастысы, ақылды технология мұғалімді алмастырмай, тек сауатты көмекші құрал ретінде қарастырылуға тиіс.
Ал ата-аналардың дені оқушылардың Бөлім бойынша жиынтық бағалау мен Тоқсандық жиынтық бағалаудан құтылғанын құптап отыр. Тек орнына келетін әдістемені тағы бір пысықтау қажет.
"Кез келген өзгеріс, реформаны өзгерткенде міндетті түрде ғылыми бір негіз болу керек. Бір жылдың ішінде тексеру керек, апробация жасау керек. Ең бастысы, ұстаздарды оқыту қажет. ТЖБ мен БЖБ-ны алып тастаса, ендігі сабақтарды қалай өткізеді? Қандай әдістемелер бүгінгі күні, бірінші қыркүйектен бастап жасалатыны туралы сұрақ өте көп", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлнәр Омарова.
Жаңа оқу жылы бастауыш сыныптарға талай тосынсый дайындап қойғандай. Енді әр тоқсан сайынғы жиынтық бағалау да атымен болмайды. БЖБ пен ТЖБ тапсырып миы қатқан оқушылар енді бұрынғыдай диктант жазып, ауызша мазмұндама айтады.
Экс-депутат, талай жыл ұстаз болған Ирина Смирнова реформаны қос қолдап құптап отыр.
"Әрине мен ұстаз ретінде оқушылардың қайтадан мазмұндама құрап, диктант жазғанына қуанамын. Балалар қатып қалған робот сияқты емес, кәдімгі ойлау қабілетін шыңдайды. Менің осы тұрғыда көтергім келген мәселе, бұған дейін ТЖБ, БЖБ тапсырумен миы ашыған буынның біліміне кім жауап береді? Жаңа келетін министр тағы бір реформа енгізсе, онда қалай болады?", - дейді экс-мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Жеке дерек жан-жақты тарап, құпия ақпарға әркім бір қарап өткен мына заманда қауіпсіздік басты назарда болады. Мектеп қабырғасында ЖИ платформасын енгізген кезде оқушыға өз жеке аккаунтын пайдалануға рұқсат берілмейді.
Мектеп атынан тіркеледі, жобаларды да білім ошағының атынан салады. Осылайша жеке деректер платформаларда қорғалады.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/school/2409488-tzhb-bzhb-ny-alyp-tastai-ma-2026-2027-oqu-zhylynda-oqushylardy-qandai-zhangashyldyqtar-kutip-tur/
