Мектепке дайындық бағасы: Қазақстанда ата-аналар қанша қаражат жұмсап жатыр
Жарияланған күні:

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Биыл ел бойынша алғаш рет мектеп табалдырығын 380 мыңнан аса бала аттайды. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, олардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, ал 23 мыңдайы жекеменшік мекемеде білім алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда 1 қыркүйекке дайындық тек құжат тапсырумен шектелмейді. Ата-аналар жаңа оқу жылына әзірленуді шілдеде бастайды. Тіпті кейбіреуі маусым айынан жалақысын жинап, тамызда қалтаға салмақ салмауды жөн көреді. Себебі дәл осы айда мектепке керек-жараққа сұраныс артады. Тиісінше баға бұлқынып кетеді.
Қымбатшылық демекші, биыл Алматыда мектеп формасы өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға қымбаттапты. Былтыр пенжек, шалбар, белдемше, кеудеше мен 2 жейдені кем дегенде 40 мың теңгеге алуға болатын. Биыл олардың құны 46 мың теңге. Алайда баға киімнің сатылып жатқан орнына, сапасына және брендіне байланысты әр жерде әр түрлі.
Телеарна тілшілері дүкендер мен базардағы, маркетплейстер мен онлайн сатылымдағы бағаны орташа есептеп көрді. Ұлдар киетін пенжек 18 мың теңгеге, ал шалбар 6 мың мен 15 мың теңгенің аралығында сатылып жатыр. Жейдені базарда 5 мыңға, дүкендерде 10 мыңға табуға болады. Ал қыздар киетін жейде мен белдемшенің бағасы 5 мыңнан 10 мыңға дейін, ал жемпір 8 мыңнан 15 мыңға дейін саудалануда.
Сонда ең керек деген базалық киімдердің өзін 30 мың мен 78 мың теңгенің аралығында аласыз. Бұдан бөлек дене шынықтыру формасы мен спорттық аяқ киім, бантик пен галстук секілді заттар бар. Ал ең қымбатқа шығатыны – аяқ киім. Қазір оның бағасы кемінде 15 мың теңге. Былтыр оны 13 мыңға алу мүмкін болған. Ал мектеп сөмкесінің бағасы кемінде 7 мың теңге. Дүкендерде одан қымбатқа соқса, маркетплейстерден 3 мыңға табуға болады.
Ал сол сөмкенің ішіне салатын кеңсе тауарларының құны биыл 5,3 пайызға көтеріліпті. Оған шамамен 20 мың теңге құртасыз. Сонда бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 50-60 мың теңге қаражатыңыз болуы керек. Ал бір емес, бірнеше баласы бар ата-аналар қайтпек? Бұл жерде мемлекет тарапынан қолдау бар екенін айта кеткен жөн.
Елімізде 1 тамыздан бастап, қыркүйектің соңына дейін "Мектепке жол" акциясы іске қосылған. Биыл үкімет 20 миллиард теңге қаржы бөліп, республика бойынша 450 мыңға жуық баланы қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Алматыда "Жалпыға бірдей білім беру" қоры арқылы 7700-ге жуық оқушыға қаржылай көмек көрсетіліпті. Яғни аз қамтылған немесе көпбалалы отбасынан шыққан, атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұяның балалары мен жетімдерге 60 мың теңге қаражат берілген. Бұл көмекті алу үшін ата-ана қажетті құжаттарды білім ошағына тапсырса болғаны.
Қорытындылай келе, оқу жылының басталуы – бала үшін үлкен қуаныш, жаңа кезең. Ал ата-ана үшін үлкен жауапкершілік пен қаржылай салмақ. Десе де перзентке салынған ең үлкен инвестиция – білім екені хақ. Сондықтан бюджетті алдын ала жоспарлап, мемлекет ұсынған қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, балаға екі жақты жағдай жасау маңызды. Бүгінгі ұрпақ – ел ертеңі десек, баланың болашағына жұмсалған әрбір теңге – жарқын келешектің кепілі екені сөзсіз.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/school/2415657-mektepke-daiyndyq-bagasy-qazaqstanda-ata-analar-qansha-qarazhat-zhumsap-zhatyr/
