jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстанның кей мектептерінде оқушылардың шаш үлгісіне қатысты қойылған талап көптің талқысына түсті

    Мектептегі оқушының шаш үлгісі
    Мектептегі оқушының шаш үлгісі. Кадр: "КТК" арнасы

    Жаңа оқу жылында мектеп оқушыларының шаш үлгісіне қатысты бекітілген ереже әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір ата-ана мұны балалардың "еркіндігін шектеп, қысым көрсету" деп бағалады. КТК тілшісі жұрттың пікірін саралап, шенеуніктердің бұл жайтқа қатысты түсініктемесін назарға ұсынды.

    Жаңа оқу жылы басталмай жатып, желі қолданушыларының пікірін қақ айырған — кейбір мектеп басшыларының бекіткен ережесі болды. Онда білім ошағына баратын ұлдың да, қыздың да шашын бояп, химиялық әдіспен бұйралауына тыйым салынған. Ал қыздар болса, енді шашын бос жіберіп жүре алмайды. Міндетті түрде өріп, бантик тағуы керек. Бірақ бұл тәртіпті "қысым" деп бағалап жатқан ата-аналар да бар.

    "Біз баланы мектепке білім алуға жібереміз бе, әлде қатаң тәртіптегі колониядағыдай, бәрі бір үлгіде жүруі керек пе? Әсіресе жоғары сынып оқушыларына шектеу қойғанына таң қаламын. Жасы 16-17-дегі оқушы келесі жылы сайлауға барып, дауыс беру құқығына ие болады. Университетке оқуға түседі. Өз тағдырын өзі шешеді. Қазір мектепте оның шашының түсі білім басқармасындағылардың басты мәселесі болып отыр. Егер қыздар шашын бұйраласа, физикадан үлгеремі екіге түсіп қалатын сияқты", - дейді тұрғын Лаура Пусурманова.

    Осы пікірді бірі құптаса, енді бір қарсы. Оқушының мектепте бекіткен тәртіппен жүріп-тұруынан ешқандай еркіндігі шектелмейді дейді.

    "Негізі осы заң шыққанына қатты қуандым. Әсіресе қыз балаларға. 6-сынып қыздары кірпік жабыстырып, тырнақ жабыстырып барады. Ол сонда сән көрсетуге бара жатыр ма?! Мода көрсетуге бара жатыр ма, шашын жалбыратып?! Ол сабақ оқи ма, жоқ бояна ма? Тура бір студент сияқты. Әр нәрсе өз орнымен болу керек! Өте дұрыс, осы заңды қолдаймын!", - дейді өзге тұрғын.

    Мектеп формасына қатысты тәртіпке көндіккенмен, оқушылар мен ата-аналар, шашқа келгенде, бұлай шулайды деп шенеуніктер әсте күтпеген сыңайлы. Оқу-ағарту министрлігіндегілер өз тарапынан мұндай тыйымның салынбағанын айтады. Оқушының сыртқы киім киісі мен түріне қатысты ережені әр мектептің қамқоршы кеңесі мен ата-аналар комитеттері қабылдайды екен.

    "Мектеп формасына қатысты ғана талабымыз бар. Бұйрықта киімнің түсі, түрі ата-аналармен және қамқоршы кеңесімен келісілетіні айтылған. Бірақ сабақта оқушының макияжбен жүруіне қатысты талап бұйрықта жоқ. Мектептердің типтік ережесі мен жарғысында айтылады. Баланың боянуы, біріншіден, денсаулығына зиян екенін айтқым келеді", - дейді оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова.

    Мектептің қамқоршы кеңесі арқылы бекітілген ереже болса, білім ошағының басшылары мен мұғалімдері оқушыға ескерту айта алады. Ал киіміне қатысты, тіпті ата-анаға айыппұл да салуға болады. Мектеп формасын сақтамаған балаға қатысты ондай әкімшілік жаза 21 мың теңгеден басталып, тіпті, құлақ аспай қойса, 86 мың теңгеге дейін жетеді.

    Дереккөз: "КТК" арнасы

    Қазақстанның кей мектептерінде оқушылардың шаш үлгісіне қатысты қойылған талап көптің талқысына түсті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram