Бүйректе тас жиналмауы үшін не істеу керек: Маман кеңесі

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүйректегі тас – бүйректе тұрып қалған қатты химиялық қалдық. Оны емдеу жолдарын медицина саласының профессоры Алмаз Шарман айтып берді деп жазады Qadam.asia.

Негізінде бүйректе тас тұру – қалыпты жағдай. Көбінесе, ұсақ, кішкене тас болады. Әрі дәретпен бірге оңай шығып кетеді. Бірақ бүйрек дұрыс жұмыс істемесе не ағзаның қалыпты жұмысы бұзылса, бұл тас іріленіп кетеді. Кейбірі тіпті бұршақтың дәніндей боп кетуі мүмкін. Ауру осы жерде басталады.

Бүйректе тұрып қалған тас үлкейе келе, дәрет шығу жолдарын бітей бастайды. Оған дейін сіз бүйректе тас барын өзіңіз де білмейсіз. Бүйрекке барып тас боп тұрып қалатын – ол кәдімгі минералдар. Соның ішінде, кальций. Көбінесе, кальций оксалатынан жиналады. Бүйректе қай минерал жиналып қалғанын тексерген дәрігер айтады. Әрі соған орай ем тағайындайды.

Сонымен бүйректе тас тұрып қалмас үшін не істеу керек? Бұл сауалдың жауабын медицина профессоры Алмаз Шарман айтып берді. Профессордың кеңесі 6 пунктен тұрады.

1. Суды жеткілікті деңгейде ішу

Кейде ағза суға тоймай, сусырап ұзақ жүріп қалса да, бүйректе тас пайда болуы мүмкін. Сондықтан дәретті сұйылту үшін әрі бүйрекке жинала бастаған тұздарды шайып кету үшін суды жеткілікті деңгейде ішу керек. Күніне жоқ дегенде 10 стақан су ішкен дұрыс. Бірақ минералды суды емес, кәдімгі фильтрден өткен ауыз суды ішу керек.

2. Кальций құрамдас тағамдарды жеу

Жоғарыда айтқанымыздай, көбінесе бүйректе тас боп тұрып қалатын – дәл осы кальций. Бірақ ағзаға кальций керек қой, қалай оны ішпейміз дерсіз. Иә, ол да бар. Ағзаға кальций өте қажет. Бірақ оны бүтіндей ішуге болмайды. Мәселен, биологиялық белсенді қоспада (БАД) кальций бүтіндей болады да, сүт, ірімшік, йогурт, брокколи мен апельсинде азықтың құрамдас бөлігі боп қалады. Сондықтан кальцийді жеке ішпей, азықпен, құрамдас тағаммен бірге ішу керек.

Оның үстіне, ең қызығы – кальций құрамдас тағам оксалаттың (тұзды) ішекте қорытылып кетуіне ықпал етеді де, ағзада оның азаюын қамтамасыз етеді. Ал жоғарыда айтқанымыздай, кальций мен оксалаттың қосындысынан тас көп пайда болады.

3. Оксалатты азайту

Оксалат кальциймен қосылып, бүйректе тас күйінде қатып қалады. Сондықтан бүйректе тас табылған жағдайда, оксалат қосылған тағамдарды азайту керек. Бұған қызылша, шай мен кофе, жаңғақ пен шоколад, шпинат және мангольд жатады.

4. Ас содасын аз жеу

Ас содасын, яғни, натрийді қолдануды азайту қажет. Күніне 1500 мг жетеді. Натрий азайса, дәреттегі кальцийдің де құрамы азаяды.

5. Ақуыз

Қызыл етті азырақ жеуге тырысу керек. Медицинада етті екі түрге бөліп қарастырады. Бірі – ақ ет, екіншісі – қызыл ет. Ақ етке құстың және балықтың еті жатады. Ал қызыл етке малдың еті жатады. Бүйректе тас табылса, малдың етін азырақ жеу керек. Оның орнына калий көп қызанақ пен бананды жеген жөн. Цитрусты жемістер де жегенге жақсы.

6. Семіздіктен арылу

Семіздік бүйректе тас тұрып қалуға әкеледі. Сондықтан артық салмақ сақтамауға тырысыңыз.

Сонымен бірге белгілі ғалымдар бүйректе тас пайда болу мен оның белгілеріне қатысты түрлі болжамдар айтады. Солардың бірқатарына тоқталуды жөн көрдік.

Бүйректе тас бер екенін қалай білуге болады

Бүйректе тас барын көп адам білмей жатады. Жалпы бүйректе тас бар екендігінің белгілері ондағы тастың көлемі мен орналасуына тікелей байланысты екен. Мысалы физикалық күш жұмсау немесе көп жүрген уақытта белдің тұсында ауырсынулар болуы мүмкін. Тек бүйрек тұсы сұғып ауырған сәтте ғана немесе бүйректегі тас зәр шығарушы түтікке жылжыған сәтте ғана, адамдар бүйректе тас бар екендігін біле бастайды.

Ол кезде мынадай белгілер пайда болуы мүмкін:

  • бел тұсының, іштің қатты түйіліп ауыруы
  • қан аралас зәр шығару
  • кіші дәретке әдеттегіден аз бару, бірақ кіші дәретке үнемі барғысы келетін күйге түсу
  • дене температурасының көтерілуі
  • жүрек айну, құсу

Кейде тастың көлемі кішкентай болса, ол өздігінен зәр арқылы сыртқа шығуы мүмкін. Мұндай сәтте адамның денсаулығы бірден жақсарады. Алайда мұндай жағдайлар өте сирек болады. Сол себепті бүйректе тас болған уақытта ол бүйректің зәр шығару жолдарын бітеп, түрлі асқынуларға әкеп соқтырады. Бүйректегі тас несімен қауіпті болуы мүмкін? Бүйректе тас болудың ең басты белгісі әйелдерде цистит сияқты, ал ерлерде простатит сияқты болуы мүмкін.

Сондықтан бүйректе тас болса, науқас бірден емханаға барып, ультрадыбыстық тексеруден, рентген, клиникалық тексерулерден өтіп, зәр және қан талдамаларын тапсыруы тиіс. Жалпы егер бүйректе тас болудың алғашқы белгілері байқалса, уақыт жоғалтуға болмайды әрі өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды.

Бүйректегі тасты қалай түсіруге болады
Бүйректегі тасты қалай түсіруге болады: pixabay.com

Бүйректе тас не себепті пайда болады

Бүйректе тас пайда болудың себептері көп. Негізгілері:

  • ащы су, дұрыс тамақтанбау
  • зәр шығару жүйесінің туа бітті ақаулары
  • генетикалық әдіспен берілу
  • зәр шығару жүйесінің бұзылуы
  • антибиотиктердің кей түрлерін, аспиринді көп мөлшерде, ұзақ уақыт бойы ішу

Бүйректегі тас әдетте тұздың кей түрінің басым бөлігі жиналған сәтте бүйректе пайда болады. Мысалы: урат, оксалат, фосфат және т.б. Тұздың бұлай жиналуына кейбір себептер әсер етуі мүмкін. Мәселен қан құрамы өзгерген сәтте, ондағы кальций көлемі артады, ал ол сәйкесінше бүйректегі фосфат тастардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сол себепті бүйрек ауырған кезде, оның неден ауырғанын біліп, кейін соған сәйкес емдік шараларын қолға алған жөн.

Бүйректегі тасты қалай емдейді?

Бүйректен тас табылған кезде дәрігерлер төмендегі ем түрлерінің бірін таңдайды:

  • тастың өздігінен ағзадан шығуына көмектесетін медикаментозды емдеу;
  • тастың ыдырауына әкеп соқтыратын медикаментозды емдеу;
  • ашық хирургиялық жолмен алып тастау;
  • қашықтан соққы беретін толқындық литотрипсия, яғни ультрадыбыстық толқындар арқылы тасты хирургиялық жолсыз ыдырату;

Айта кетерлігі жоғарыда аталған тәсілдердің барлығының өз тиімділігі бар. Мысалы зәр шығару жүйсіндегі тас ауруы диагнозы қойылғанда, тасты міндетті түрде хирургиялық жолмен алып тастап отырған. Сол сияқты қазіргі таңда тасты арнайы аппаратураның көмегімен ыдырату жолы да көп қолданылады. Бүйректегі тасты ыдырату – кез келген уақытта қолданылады әрі ол бүйрек бұлшықеттеріне зақым келтірмейді. Ал ыдырағаннан кейін, ұсақ құм зәр арқылы сыртқа шыққан.

Тағы бір ескеретін жайт, бүйректі халықтық тәсілмен емдеу көп жағдайда айтарлықтай нәтиже бере бермейді. Ондай тәсілдер кейде тіпті бүйрекке зақым келтіруі де мүмкін. Сол себепті ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу тәсілі әлдеқайда тиімді болмақ.

Ол үшін кез келген адам дұрыс тамақтанып, күн сайын жеткілікті су ішуі керек, белсенді өмір салтын ұстануы тиіс, сондай-ақ үнемі денсаулығын тексертіп отыруы керек.

Бүйректегі тас және диета ұстау

Бүйректен тас табылған кезде диета ұстау маңызды. Себебі диагноз қойылғаннан кейін, әркімнің денсаулық жағдайына байланысты дәрігер диета түрін жазып береді. Сондықтан диета ұстау арқылы бүйректе тас пайда болудың алдын алып қана қоймай, жалпы ағзаны пайдалы әрі дәруменге бай тағамдармен толықтыратын едік. Мысалы оксалатты тастар бар болған жағдайда, келесі тағамдармен қоректенуге кеңес беріледі:

  • майлы емес ет және балық етін жеу
  • көкөніс сорпасы мен рагу
  • қара нан
  • орамжапырақ түрлері, қияр және картоп
  • таза су мен жеміс шырыны

Сонымен бірге құрамында тұзы көп тағамдардан және оксалаттары бар көкөністерден (қызылша, жуа, бұршақ тұқымды көкөністер, кәді, цитрустық жемістер мен жидектер) бас тарту керек.

Бүйректегі тасты қалай түсіруге болады
Бүйректегі тасты қалай түсіруге болады: pixabay.com

Сонымен қатар құрамында зәр қышқылын өндіретін тұзы бар тағамдардан да бас тартуға тура келеді:

  • құрамында пируины бар барлық тағам – консервілер, ет тағамдары, шұжық өнімдері, тұздалған көкөністер, балық, шай мен кофе;
  • кейбір көкөністер: щавель, сельдерей, спаржа, соя және шпинат;
  • сүт өнімдері, қияр, сәбіз, асқабақ, саңырауқұлақтар мен жемістерді, түрлі дақылдар мен нан өнімдерін жеуге рұқсат етіледі;
  • тәулігіне жеткілікті деңгейде су ішу.

Бүйрекке фосфатты тас жиналған кезде ұстайтын диета түрі:

  • ет және балық өнімдерін, сала және түрлі ботқаларды (қара сұлы мен сұлыдан басқасы) жеуге рұқсат етіледі;
  • қышқыл тағамдар мен жеміс-жидектер, сары май және бал жеуге рұқсат етіледі;
  • сүт өнімдерін, қойбүлдірген, мейіз, кондитерлік өнімдерді жеуді шектеген абзал;
  • ащы және қуырылған тағамдарды жеуге, маринадталған тағамдарды, ет сорпасын, саңырауқұлақ, фасоль, бауыр, құс еті, ірімшікті жеуге тыйым салынады;
  • су, компот және қышқыл жемістердің шырынын ішуге, квас және итмұрын тұнбасын ішуге кеңес беріледі.

Мамандар аталған кеңестерге құлақ асып, осыны ұстанған науқастар жазылған кездер болғанын айтады. Сонымен бірге олар дер кезінде қан талдамаларын тапсыруға кеңес береді.

Ағзадағы әр мүшенің орны бөлек екенін әрдайым естен шығармау қажет. Сондықтан бүйрек жұмысына да баса мән берген абзал.

Назар аударыңыз! Материал тек танымдық мақсатта ұсынылып отыр. Жоғарыда айтылған кеңестерді тек дәрігер рұқсатымен қолдануға болатынын естен шығармаңыз!

Автор: медицина ғылымдарының кандидаты Анна Ивановна Тихомирова

Рецензент: медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Иван Георгиевич Максаков

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1915976-buirektegi-tasty-qalai-tusiruge-bolady/

jitsu gif