Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өкпе ауруы келесі жылы көбеюі мүмкін": Мамандар пандемиядан кейін қандай дерттің өршуі мүмкін екенін айтты

Опубликовано:

Медицина маманы
Фото: Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы

Қазақстанда өкпе ауруына шалдыққандар саны пандемиядан соң күрт артуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының Департамент жетекшісі Панагүл Жазықбекова баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мамандардың айтуынша, 2020 жылы басталған коронавирусты індет еліміздегі денсаулық сақтау саласына айтарлықтай ауыртпалық әкелді.

Коронавирус салдарынан көптеген емханалар жабылып, дәрігерлер бар күшін тек COVID-19 вирусын емдеуге салды. Ал бұл басқа да аурулардың, оның ішінде, туберкулездің қарқын алуына жол береді.

"Екі жыл бойы халық үреймен өмір сүрді. Біздің елдің ғана емес, бүкіл әлемнің басты мақсаты – коронавирус инфекциясының алдын алу еді. Осы орайда, құрт ауруын тексеруге арналған скринингтер өткізілмей, тоқтап қалды.

Өкпесіне шағымданып жүрген адамдардың өзі дұрыс емін ала алмады.

Біз 2023 жылға қарай туберкулезбен ауыратындар саны он пайызға артуы мүмкін деген болжам жасап отырмыз.

2021 жылдың аяғындағы статистика бойынша, елімізде 6824 адам туберкулезбен ауырған. Өкініштісі сол, көптеген науқастардың ауруы уақытынан кеш анықталуда. Ал ауырған адам тума-туыстарымен, айналасындағы адамдармен байланысады. Өкпе ауруы ауа арқылы да жұғатындықтан, науқастарды дер кезінде дәрігерге қаралып, басқаларды дерттен сақтауға шақырамыз", - деді ғылыми орталықтың Департамент жетекшісі Панагүл Жазықбекова.

Дәрігерлердің мәліметінше, туберкулезден толық айықтыратын дәрі-дәрмектер қолданысқа шықты. Бар болғаны, науқас адам ауруын жасырмай, дер кезінде қаралуы тиіс.

"Біз туберкулездің алдын алып, науқастарды жедел емдеу үшін аянып қалмаймыз. Қазір қатерлі дертте шетелге бармай-ақ, елімізде де толық емдеуге мүмкіндік бар. Қалалардан бөлек, облыс орталықтарынан шалғайда жатқан ауылдарға да заманауи аппараттарды жеткізіп жатырмыз. Бұл генді-молекулярлы технология өкпедегі, жалпы денедегі туберкулездің белгілерін флюорографияға қарағанда мың есеге дәл анықтайды.

Екі сағаттың ішінде туберклез белгісін анықтап, оның қандай типке жататынын, дәрімен емдеуге келетін-келмейтінін нақтылап береді. Тек науқастар ауруын асқындырып, айналасына жұқтырмаса екен. Біздің бар сұрайтынымыз осы. Туберкулезбен ауырып қалса, оны жасырудың қажеті жоқ. Қазір ауруын жасырғаннан асқынып жатыр бәрі. Туберкулез толығымен емдеуге болатын дерт. Одан қорқып, жүре бермеу қажет", - деді Панагүл Жазықбаева.

Мамандардың дерегінше, қазіргі таңда туберкулезбен ауыратындар еліміздің батыс аймағында көп саналады.

Сондай-ақ, бұрын 15 пен 40 жас аралығындағы жандарда көп кездескен дерт енді егді жастағы адамдарда жиі байқалуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1969249-okpe-auruy-kelesi-zyly-kobeyui-mumkin-mamandar-pandemiyadan-keiin-qandai-derttin-orsui-mumkin-ekenin-aitty/

pixel