NUR.KZ сауалнамасы: сауалнамаға қатысушылардың жартысына жуығы медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызмет алған
Жарияланған күні:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы хабардар болу, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу, алынған медициналық қызметтердің сапасын бағалау, сондай-ақ өз құқықтарын қорғау деңгейіне қатысты сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің көпшілігі "Міндетті медициналық сақтандыру пакеті бойынша медициналық көмек алдыңыз ба?" деген сұраққа оң жауап берген (46%), көмек алмағандар – 42%, ал 11% сақтандыру арқылы медициналық көмекті пайдалана алмағанын айтқан.
"МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңізді қалай тексересіз?" деген сұраққа респонденттердің басым бөлігі, яғни 75% – қордың 1406 байланыс орталығын таңдаған. Респонденттің 18%-ы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) fms.kz сайтына жүгінетінін, және 7%-ы SaqtandyryBot Telegram-ботынан көмек сұрайтынын жеткізген.
Сауалнамаға қатысқандардың 62%-ы МӘМС жүйесінде сақтанушыларға қандай медициналық қызметтер қолжетімді екенін білмейді.
Сауалнамаға қатысушылардың 65%-ы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі туралы алғаш рет білген. Олар ӘМСҚ-ның азаматтардың арыз-шағымдары бойынша шара қолданып, халықты міндетті медициналық сақтандыру туралы хабардар етіп жатқанын бұрын естімегендерін, енді сол жаққа жүгінуге ниетті екенін айтқан.
Айта кету керек, Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Сондай-ақ биыл 5 қыркүйектен бастап "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңға өзгерістер енгізіліп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған дербес төлеушілер сақтандыру мәртебесін алу үшін МӘМС жарналарын өткен 12 ай үшін емес, алдағы 12 айға да төлеп, сақтандыру мәртебесін ала алады..
Бұған дейін NUR.KZ редакциясы оқырмандар арасында медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық көмек алу туралы сауалнама жүргізген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1990018-nurkz-saualnamasy-saualnamaga-qatysusylardyn-zartysyna-zuygy-medicinalyq-saqtandyru-senberinde-medicinalyq-qyzmet-algan/