"Әкем үшін жүрегім ауырады": Маңғыстаулық келіншек әкесінің тамағындағы түтікшені алдыру үшін шарқ ұрып жүр

Опубликовано:

Әсілхан Сарыбай
Әсілхан Сарыбай. Фото: жеке мұрағат

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылында тұратын Әсілхан Сарыбай бірнеше жылдан бері ауыр дертпен күресіп келеді. Ол өздігінен тамақ іше алмай, тамағына қойылған түтікше арқылы жан бағуға мәжбүр. Бірақ бұл түтікшенің өзі күн сайын жағдайын қиындатып барады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Елуден асқан Әсілханның жағдайын оның қызы Айнұр баяндады. Алысқа тұрмысқа шыққан ол әкесінің халі нашарлап бара жатқасын, Маңғыстаудан уақытша үйіне келіп отыр.

"Әкем үшінші топтағы мүгедек. 2013 жылы зауытта бір қолын бұрғылау аппараты шайнап кеткен. Әлі күнге дейін тек гипспен жүреді. Қолының жоқтығы жанымызға батып жүргенде, көмекейдің қабынуы деген диагноз қойылды. Ол тамақты өздігінен іше алмайды, даусы мүлде шықпай қалды. Өйткені, күн өткен сайын тамағы қанып, түтікшенің айналасынан артық ет өсіп кеткен. Ет өскен сайын әкемнің демалуы қиындап, тынысы тарылып барады. Өткір респираторлы тыныс алу жетіспеушілігі деген диагнозы да бар. Өте қарапайым отбасында тұрамыз. Портал арқылы кезегіміз келер емес. Ал әкемнің жағдайы тым мүшкіл. Алыста жүріп, қатты уайымға салынған соң, қазір төркініме келіп, әкемді қарап жатырмын", - дейді Айнұр.

Қазіргі таңда Айнұр әкесін А. Сызғанов атындағы ұлттық хирургиялық орталыққа әкелу үшін жан ұшырып жүр. Алайда қаражат жағы қалтаны қысып барады.

"Әкемнің тамағындағы түтікшеге сорып алатын электронды аспиратор қажет. Оны алуға шамамыз жетпегесін, шаңсорғыштан құрастырып алдық. Енді бізге әкемнің тамағындағы артық еттерді алып, трахоестомды ауыстыру керек. Алдыңғы жолы порталмен тегін емделгеннің өзінде жарты миллион қаражат кетті. Осы жолы әкемді құтқару үшін қыруар қаржы керек болып тұр. Денсаулығы еңбекке жарамайды, мүгедектігі үшін берілетін 40 мың теңгемен күнелтіп жүр. Осы орайда, әкем үшін халықтан жанұшыра көмек сұраймын. Жағдайы нашарлап барады. Алматыға барып, ота жасату үшін, ел қатарлы емін-еркін тыныс алып, тамақ ішуі үшін көмектесіңіздерші", - дейді Айнұр Қалиева.

Әсілхан Сарыбайға көмектесем деушілер үшін реквизиттер:

Kaspi карта номері: 44 00 43 00 11 00 61 18

Kaspi Gold номері: 8 771 367 28 16, Әсілхан.С

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1998858-akem-usin-zuregim-auyrady-mangystaulyq-kelinsek-akesinin-tamagyndagy-tutikseni-aldyru-usin-sarq-uryp-zur/