COVID-19 пандемиясы адамдардың жүйкесіне қалай әсер еткені белгілі болды
Жарияланған күні:
Әлемнің 137 ғылыми мақаласын зерттеген ғалымдар коронавирус пандемиясының адамдардың психикалық денсаулығына кері әсері болған-болмағанын анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sciencealert сайтына сілтеме жасап.
BMJ медициналық журналында жария болған зерттеу жұмысында дүниежүзілік 137 ғылыми мақала сарапталған. Зерттеу нәтижесі бойынша коронавирус пандемиясы адамдардың психикалық денсаулығына айтарлықтай әсер еткен жоқ деген қорытынды жасалды.
Ғалымдар Қытай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына коронавирус індеті туралы алғаш рет хабар жеткенге дейінгі 2018-2019 жылдар аралығында зерттеуге алынған адамдарға 2020 жылдан кейін қайта зерттеу жүргізген. Осылайша пандемия басталғаннан кейінгі көрсеткіштерді анықтау мүмкіндігі туған.
Зерттеушілер тұжырымынша, коронавируспен ауырып шыққан адамдардан депрессия мен мазасыздық сияқты белгілер байқалмаған, ал байқалғанның өзінде олардың статистикалық маңызы жоқ деген қорытынды жасалған.
"Көпшілікке мәлім зерттеулердің ішінде біз адамдардан психикалық денсаулығындағы өзгерістерді немесе мазасыздықтың белгілерін таппадық, ал күйзеліске түсу жағдайлары аз мөлшерде ғана тіркелген", – деп жазды зерттеушілер.
Зерттеу нәтижесіне сенсек, психикалық жағдайдың аздап нашарлауы көбіне әйел адамдарда, зейнеткерлерде, ЖОО студенттерінде болған, бірақ дерт айтарлықтай асқына қоймаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2014834-covid-19-pandemiyasy-adamdardyn-zuikesine-qalai-aser-etkeni-belgili-boldy/