Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәрігерлер мүмкін еместі жасады": ШҚО кардиохирургтары өлім аузында жатқан ер адамның өмірі үшін 10 сағат күрескен

Опубликовано:

Ота
Ота. Көрнекі фото: Рixabay.com

Шығыс Қазақстан облысының кардиохирургтары ер адамның өмірі үшін 10 сағат бойы күресіп, оны аман алып қалды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі Facebook-тағы ресми парақшасында.

Ведомствоның мәліметінше, 51 жастағы ер адам өзін көшеде жайсыз сезінген соң әйеліне қоңырау шалған. Кейін кардиологиядағы ең күрделі диагноздардың бірімен шұғыл түрде Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасына жеткізілген.

КТ (коронарография) жасалған соң оған аортаның қатпарлануы диагнозы қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, пациенттің жүректен жамбасқа дейін бүкіл тамыры зақымданған. Мұндай патология қолқаның жыртылуына, сондай-ақ көп жағдайда өлімге әкелетін көрінеді.

"Ер адам операция үстелінде өлім аузында болды. Түні бойы кардиохирургтар Дастан Қадырбаев, Шыңғыс Балтабеков, анестезиолог Олжас Рахымғалиев, перфузиолог Әсет Нұрахатов күрделі операция жасады. Операция 10 сағатқа созылды. Пациент жасанды қан айналымына қосылды, оның денесі 29 градус Цельсийге дейін салқындатылды", - дейді министрлік өкілдері.

Ота барысында мамандар пациенттің аорта қақпақшасы да зақымданған анықтап, оны механикалық қақпақшаға ауыстырған. Ал аортаның барлығын дерлік жасанды тамырға ауыстырған. Сондай-ақ ер адамның оң жақ бұғанаасты артериясынан ұйыған қан алған. Осылайша, 10 сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, отаға қатысқан хирургтар бригадасы таңғы сағат 8.00-де ғана операция бөлмесінен шыққан.

"Дәрігерлер мүмкін емес дүниені жасады. Менің өмір сүру мүмкіндігім өте аз болғанын білемін. Бірақ мен өзім үшін емес, жақындарым мен балаларым үшін алаңдадым. Дәрігерлер менің өмірімді ғана сақтап қалған жоқ, сонымен қатар туыстарымның қорқынышын сейілтті. Осы түні мен үшін алаңдаған жандардың барлығы – әйелім, ата-анам, балаларым, достарым, сыныптастарым біздің қаламызда нағыз мамандар бар екенін түсінді", – дейді ризашылығы білдірген пациент Болат Калиакперов.

ШҚО облыстық ауруханасының кардиохирургы Дастан Қадырбаевтың айтуынша, операция жай ғана күрделі емес күрделілігі өте жоғары деңгейдегі операция болған.

"Өкінішке қарай, медицинаның барлық жетістігіне қарамастан мұндай патологиядағы өлім деңгейі өте жоғары. Бірақ біз бұл пациентті аман алып қалдық", – дейді Дастан Қадырбаев.

Операциядан соң екі апта өткеннен кейін ер адам өзін жақсы сезіне бастаған, дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалаған. Енді ол әрі қарай оңалту орталығында емін алып, оңалтудан өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2017252-olim-auzynda-bolgan-sqo-darigerleri-nauqastyn-omiri-usin-10-sagat-boiy-kuresken/

pixel