Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Медициналық, құқықтық, медиациялық қызмет: «Саламатты Қазақстан» пойызы Жайық өңіріне жетті

Опубликовано:

Тұрғындар
Фото: БҚО әкімдігі

Сәуір айынан бері бірнеше аймақты аралап жүрген «Саламатты Қазақстан» пойызы Батыс Қазақстан облысына жетті. Жобаға биыл Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мұрындық болып отыр. Басты мақсат –шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына медициналық, құқықтық және медиациялық көмек көрсету.

Переметное ауылында қолжетімді қызмет алуға асыққандардың қарасы қалың болды. Пойызда 20-дан астам білікті маман тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетті. Соның ішінде тұрғындардың біразы медициналық қызметке жүгінген. «Саламатты Қазақстан» пойызы шетелдік медициналық құрылғылармен жабдықталған. Ультрадыбыстық зерттеу құралдары, арнайы зертхана орналастырылған. Ауыл тұрғындарына терапевт, невропатолог, кардиолог, офтальмолог, стоматолог тегін қызмет көрсетеді. Пойызда тіпті кішігірім ота жасауға да мүмкіндік қарастырылған.

«Өте ризамыз. Себебі бұл пойызбен түрлі дәрігерлер келді. Өте сапалы қарайтын, кеңес беретін деген сияқты. Әрине, үлкейген сайын ауру көп бола бастайды. Сондықтан қазір пойызға келгесін үміттеніп, денсаулығымызды тексертейін деп келдік», - дейді Переметное ауылының тұрғыны Күмісханым Берекетова.

Мұндағы дәрігерлер денсаулық жағдайына байланысты жүріп-тұруы қиын науқастардың үйіне аяқтай барып, көмек көрсетуге де дайын.

Дәрігер тұрғынды қабылдауда
Фото: БҚО әкімдігі

«Тұрғындардың көбі денсаулығын тексертіп жатыр. Шалғай ауылдарда тұратын тұрғындардың емханаларға барып, толық тексерістен өтуге уақыты бола бермейді. Сондықтан осындай денсаулық пойызының маңызы зор деп ойлаймын. Мұнда заманауи жабдықтар бар. Біз барынша қызмет көрсетіп жатырмыз», - дейді дәрігер Айнұр Егінбаева.

«Саламатты Қазақстан» пойызында ауыл халқына кәсіби заңгерлер, психологтар мен медиаторлар да тегін кеңес береді. Атап айтқанда азаматтық істер, еңбек қатынастары, жер, тұрғын үй, қаржы салалары, отбасы және неке мәселелері бойынша кеңес алуға болады.

Тұрғын мен  дәрігер
Фото: БҚО әкімдігі

«Батыс Қазақстан облысында Семиглавый Мар, Тасқала, Деркөл бекеттері бойынша 300-ге жуық адамға құқықтық-медиативтік көмек көрсетілді. Көбіне қоятын сауалдар несие, алимент жөнінде болды. Жер мәселесі, мұрагерлік, сосын отбасылық жанжалдар, интернет алаяқтық жөнінде де сауалдар қойылып жатты», - дейді медиатор Әлия Борашева.

Биыл әлеуметтік-медициналық жоба басталғалы денсаулық пойызы 13 облысты аралап, 85 бекетке аялдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2038642-medicinalyq-quqyqtyq-mediaciyalyq-qyzmet-salamatty-qazaqstan-poiyzy-zaiyq-onirine-zetti/

pixel