Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аналар форумы: Жастарды зиянды әдеттерден қорғауға күш саламыз

Опубликовано:

Аналар форумы
Аналар форумы. Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

Оралда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің форумы қорытындыланды. ІІ сессияда белсенді әйелдер жастарды зиянды әдеттерден қорғау тақырыбын жалғастырып, негізгі бағыт-бағдарды пысықтады.

Атап айтқанда, мектептегі буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткіге қарсы күрес сөз болды.

Бұл сессия аналардың ашық диалогына айналды. Жиынға ҚХА төрағасының орынбасары Аурика Дяк, Парламенттің Сенат депутаты Нұрия Ниязова, БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи, "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аймақтағы өкілі Аманқос Жұбаныш, жергілікті белсенді әйелдер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Әр өңірден келген делегаттар өз тәжірибесімен бөлісті. Мысалы, Абай облысында тағдыр тәлкегіне түскен отбасыларға қолдау көрсету жобасы жүзеге асырылып жатыр.

"Балаларға денсаулық сақтау және білім беру саласындағы іс-шаралар мен қызметтердің жиынтығы ұсынылады. Яғни, әдістемелік-құқықтық және қаржылық көмек кіреді. Әр отбасыны ұзақ уақыт қолдап жүруге тырысамыз. Осылайша олардың лайықты өмір сүруіне және дамуына мүмкіндік береміз", - деді Абай облысының "Қоғамдық келісім" КММ директоры Надежда Шарова.

Соңғы бес жыл ішінде елімізде нашақорлыққа тәуелділік үлесі 14 есе ұлғайған. Әсіресе, синтетикалық есірткі айналымы өршіп барады. Форумда әйелдер осы статистикаға тоқталып, алдын алу шараларын күшейтуге үндеді.

Аналар форумы
Аналар форумы. Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

"Біздің ортақ жұмысымыздың нәтижесінде "трамадол", "тропикамид" сияқты бірқатар дәрі-дәрмектің сатылымы бақылауға алынды. Енді ол препараттар тек мемлекеттік дәріханаларда мамандардың нұсқау қағазымен ғана сатылады. Біз осы бағытта жұмысты жалғастыруымыз қажет", - деді "Есірткісіз болашақ" корпоративтік қорының басшысы Жандос Ақтаев.

Қазіргі таңда елімізде 1712 аналар кеңесі жұмыс істейді. Олардың құрамында 14 мыңнан астам белсенді әйел бар. Қоғамдық ұйымның жастар арасындағы зиянды әдеттерді жоюға қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Сонымен қатар ажырасу мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайту бағытында жұмыс істеп жатыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің алдын алу да басты назарда. Жайық өңірінде мұндай деректер 50 пайызға көбейгені байқалады. Жиында бұл тақырып та талқыланды.

"Бұрын отбасылық жанжал бойынша полицияға қоңырау түскеннен кейін жәбірленуші арыз жазудан бас тарта алатын болса, енді аумақтық инспектор өзі шешім шығарып, әкімшілік-құқықбұзушылық ретінде тіркейді. Әкімшілік қамақ бұрын 5,10 күнге дейін болса, енді 10, 15 күннен де ұзарды", - дейді БҚО полиция департаментінің аға инспекторы Диляра Сатарова.

Форумнан соң Аналар кеңесі пленарлық отырыста мәселелерді қайта пысықтап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2038851-analar-forumy-zastardy-ziyandy-adetterden-qorgauga-kus-salamyz/

pixel