Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде қанша сәби өмірге келді
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Қазақстанда су тасқыны болған өңірлерде 377 бала дүниеге келгенін айтты. Бұл туралы ОКҚ Telegram-дағы арнасында хабарлады.
ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, осы аптада республикалық ғылыми орталықтардан жоғары дәрежелі бейінді мамандардың, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарының су тасқыны аймақтарындағы тұрғындарға консультациялық көмек көрсету және медицина қызметкерлерін әдіснамалық қолдау үшін өңірлерге сапарлары ұйымдастырылды.
Маңғыстау облысына сапар барысында дәрігерлер тобы стационарлық емделу мен амбулаториялық емделуде жүрген 270-тен астам пациентке консультация берді. Батыс Қазақстан облысында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында сарапшылар 20-дан астам медициналық ұйымға барып, 550-ден астам пациентке консультация берді.
"Төтенше жағдай режимі жұмыс істейтін барлық өңірлерде 421 жүкті әйел бақылауда тұр, 86 әйел амбулаториялық және стационарлық деңгейде медициналық көмек алуда, осы уақытқа дейін 377 әйел босанды. Су тасқыны басталғаннан бері ең көп бала Қостанай, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында дүниеге келді", - деді ДСМ ресми өкілі.
Су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланғандардың ішінде 674 адам әртүрлі созылмалы ауруларға шалдыққан, оларды медицина қызметкерлері бақылауда. Эвакуациялық пункттерде 4 мыңға жуық бала бар, оның ішінде 76 бала стационарлық көмек алады және 47 бала амбулаториялық ем алады.
"Эвакопункттерде жіті ішек инфекциялары, "А" вирустық гепатиті жағдайлары тіркелген жоқ. Барлық өңірлерде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті бақылауында", - делінген хабарда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2088299-su-tasqynynan-zardap-sekken-onirlerde-qansa-sabi-omirge-keldi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.