"Күрделі мәселе": министр дәрі-дәрмек шілдеден бастап қымбаттайтынын айтты
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 1 шілдеден бастап елімізде дәрі-дәрмек қымбаттайтынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ. тілшісі хабарлайды.
Министрдің дерегінше, жоспарға сәйкес, дәрі 1 қаңтарда қымбаттауы керек еді. Бірақ министрлік халық үшін дәрі-дәрмек бағасы маңызды мәселе болғандықтан, тағы да бір зерттеп, зерделеуді жөн көрген. Бағасы өзгеретіндердің тізімінде 1700-ден астам препарат түрі бар.
"Күрделі мәселе. Биыл қаңтар айынан бастап 1767 дәрі қымбаттауы керек еді. Бірақ 1 қаңтарда бұйрыққа қол қойылған жоқ. Ақпан айында біз бағаны реттеудің былтыр болған І кезеңін саралап көрдік. Ол кезде 303 дәрі қарастырылған еді, бұл 3 түрлі баламалы дәрі-дәрмектер. Жалпы алғанда, дәрілердің бағасы қымбаттады, бірақ ішінде бағасы түскендері де бар.
Жылдың аяғындағы жасаған статистика бойынша жалпы 14 пайызға баға өсті. ІІ кезеңде 1767 дәрі-дәрмек бағасы реттеледі. Біз қазір талдап жатырмыз. Бірінші кезекте халыққа барынша ауырлық түсірмейтіндей болуын қарастырып отырмыз", - деді ол.
Сондай-ақ министр қай елдерде баға реттелетінін түсіндірді.
"Әлемнің көптеген елінде дәрі-дәрмек бағасы реттеліп отырады. Мәселен Өзбекстанда ең қажетті дәрі-дәрмек бағасы да реттеліп отырады. Екінші кезең 1 шілдеде іске асуы керек. Фармацевтика өндірісіндегі кәсіпорындар осы бұйрықтың шығуын күтіп отыр. Дәрі-дәрмек бағасы халық үшін өте маңызды мәселе болғандықтан, оны сараптап, саралап, сосын ғана әрекет етейін деп отырмыз", - деді министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2115615-kurdeli-masele-ministr-dari-darmek-shildeden-bastap-qymbattaitynyn-aitty/