Ақтөбелік дәрігерлер жол апатында бес бірдей туысынан айырылған көлік жүргізушісінің жағдайын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбеде бір отбасынан бес адам қаза болған жол-көлік оқиғасына қатысты жаңа дерек шықты. Көлік жүргізушісі палатаға ауысқан, қазір онымен психолог жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Дәрігерлер ауруханада жатқан көлік жүргізушісінің жағдайын айтты.
"Науқас кеше Қобда ауданынан жеткізілді. Оның жағдайы тұрақты. Қазір қосымша тексеріп жатырмыз. Жабық-бас ми жарақатын алған. Әзірге ота жасалмайды. Есін біледі, палатада. Жағдайы орташа ауыр. Палатаны ешкім күзетпейді. Өзі жүреді. Психолог шақырттық", - деді травматолог Жасұлан Урумбаев.
Сондай-ақ полиция өкілі бір үйдің бес адамы қаза болған жол-көлік оқиғасының себебіне қатысты алдын ала болжамын айтты.
"Жүк көлігінің жүргізушісі Қобда полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр. Алдын ала тексеру бойынша жеңіл көлік қарама-қарсы жолға шығып кеткен. Күн сайын қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты асыру, басып озу ережесін бұзу фактісі күн сайын тіркеледі. Көлік жүргізушілері арасында рөлге шаршап отыратындар бар", - дейді Ақтөбе облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.
Полиция департаменті дерегінше, Ақтөбе облысында жыл басынан бері 435 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 97 адам көз жұмды. 617 адам зардап шекті. Өңірде тамыз айында 53 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 17 адам көз жұмды.
"Талдау жүргізілді. Жол-көлік апатының көбі 8:00-11:00 аралығында, 15:00-18:00 аралығында болады. Қазір жолды бақылайтын топ қатары артты. Бүгін 5-6 патрульдік тобы болса, қазір 16-ға көбейді.Жол-көлік апатының көбі Ақтөбе-Қарабұтақ аралығында болады", - дейді Құлжанов.
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасынан жыл басынан бері 97 адам қаза болған. Тамыз айында жол апаты 17 адамның өмірін қиды. Жергілікті полиция басқармасы қарама-қарсы бағытқа шығатындар мен көлік тізгініне шаршап отыратын жүргізушілердің көптігін айтып, дабыл қақты.
Еске сала кетейік, 26 тамызда 18:45 шамасында Самара-Шымкент тас жолының Әлия ауылы маңында жүк көлігі және жеңіл машина соқтығысқан. Оқиға орнында төрт адам мерт болған. Кейін төрт жасар бала аудандық ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды. Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2154007-aqtobelik-darigerler-zhol-apatynda-bes-birdei-tuysynan-airylgan-kolik-zhurgizushisining-zhagdaiyn-aitty/