Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Туыстары бірден бас тартады": қазақстандықтар мәйіттік донорға неге үреймен қарайды

Жарияланған күні:

Ота
Ота. Көрнекі фото: NUR.KZ

Елімізде мәйіттік донорға әлі үреймен қарайтындар көп. Дәрігерлер жылына тек 5-7 мәйіттік донорды пайдаланатынын айтады. Нәтижесінде миллиардтаған қаржыға салынған трансплантологиялық орталықтардың мүмкіндігі толық пайдаланылмай тұр. Ал Қазақстанда 4 мыңнан аса адам донор күтіп отыр. Оның 100-ден астамы бала, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазақстандықтар өлгеннен кейін донор болу қорқынышынан арылған жоқ. Ал донорлық ағзаға мұқтаж науқастар кезегі ұлғайды. Мәселеге дәрігерлер алаңдаушылық білдірді.

Трансплантологтар берген мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 7 трансплантация орталығы, 40 донор стационары, 5 зертхана жұмыс істеп тұр. Жабдықталуы жақсы, мамандар жеткілікті. Бірақ мәйіттік донорды пайдалану дамымай тұр дейді Республикалық трансплантация және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру орталығы өкілдері.

Нұргүл Жылгелдина
Нұргүл Жылгелдина. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазір мәйіттік донор мәселесі өзекті. 2 млн адам келісім беруге тиіс болса, тек 100 мың адам өз пікірін ашық айтып отыр. Оның өзінде 90 мыңнан астамы бас тартады. Қазір жыл сайын тек 5-7 мәйіттік донорды пайданалып отырмыз. 1 донор 5 адамның өмірін сақтап қала алады. Ал донор күтіп отырған адамдары саны 4 мыңнан асады. Оның 2,5 пайызы, яғни, 100-ден астамы бала. Елімізде жүрек, бауыр, өкпе және көзге донор трансплантациясы жасалады. Ақтөбе облысында соңғы 5 жылда мәйіттік донор болмады. Адамдар арасында қорқыныш бар. Екіншіден, 2017 жылы Ақтөбеде мәйіттік донорды тума-туысының рұқсатынсыз алды деп айтылды. Бірақ ол расталмады. Ол жерде дәрігерлер заң бұзбады. Сол кездері "қарсымын" деп алдын ала жазбаса, азғасын алуға болатын болды. Сол кездегі заң солай болды. Осы кезде БАҚ-та шу болып, 2020 жылы Денсаулық туралы Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Қазір Қазақстанда "келісім береді", "келісім бермейді" деген екі нұсқа да қаралады", - дейді Республикалық трансплантация және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары Нұргүл Жылгелдина.

Дәрігерлер мәйіттік донорды кедергісіз пайдалану үшін әр адам eGov mobile қосымшасына ЭЦҚ арқылы кіріп, келісім беруі немесе бас тартуы керек. Егер ол болмаса, тума-туысынан келісімін сұрайды. Дәрігерлердің айтуынша, мәйіттік донор тек миы өлген адамнан ғана алынады.

Диаграмма
Азға трансплантациясына мұқтаж жандар саны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Егер миы қалыпты жұмыс істеп тұрса, ешкім де оның ағзасын ала алмайды. Мидың жансыз күйге түскенін бір ғана маман айтпайды. Ол үшін консилиум болады. Оның құрамына медициналық ұйымның басшысы, дәрігер-реаниматолог, невропатолог, емдеуші дәрігер кіреді. Мидың өлгенін растау үшін 24 сағат бойы тест жасалады. Шын мәнінде солай екенін растау керек. Адамдар соны түсінуі керек. Біз осындай диагноз қойылса, адамдарға шығып сөйлесеміз. Туыстары бірден бас тартады. Жақынынан айырылғысы келмейтінін түсінеміз. Адамдарда үрей бар. Қазіргі кезде солтүстік аймақта жағдай жақсы. Көбі келісімін береді. Ал Маңғыстау, Ақтөбе, Абай, Жетісу облыстарында қиын. Мидың өлуі, адамның өлгенімен тең. Ал жүрек пен өкпе тек аппарат арқылы жұмыс істейді. Аппараттан ажыратқан бойда бәрі тоқтайды. Кейде туған-туыстары келісім беріп, ағзасын алуға санавиация жетем дегенше адам үзіліп кетеді. Ондай да жағдай болды. Ми өліп, туған-туыстары келісім берсе, біз бригада шақырамыз, санавиация келуі керек. Бәріне уақыт керек. Жүрек, бауырға 5-6 сағат, бүйрек ауыстыруға 12 сағат керек. Сол уақытта ағза жеткізілуге тиіс. Өңірлер арасындағы қашықтық да үлкен рөл атқарады. Ал тірі адамнан өзге адамға салу, амалы жоқ адамның қадамы. Ол туыстық донор. Баласы, інісі, қарындасы үшін осы қадамға барады. Екі адамның да өміріне қауіпті. Екеуінде де бір бүйректен қалады. Қазақстанда жылына күту парағында тұрған 300-ге жуық адам түрлі себеппен өмірден өтіп кетеді", - дейді Нұргүл Жылгелдина.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2161956-tuystary-birden-bas-tartady-qazaqstandyqtar-maiittik-donorga-nege-ureimen-qaraidy/