"Алғашқы махаббат": Марат Омаров кинода Мейрамбек Бесбаевтың жұлдызын жаққан әннің тарихын айтып берді
Жарияланған күні:
"Алғашқы махаббат, жүректі тербейді..." деп басталатын ән кез келген жанның жүрек қылын шертіп, сезімін селт еткізетіні рас. Әлі күнге дейін өмірдеңшігін жоймаған бұл туындының тарихы көпке қызық. Дәл осы хиттің авторы композитор Марат Омаров KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив сұқбатында бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған деректерді айтты.
Сазгердің айтуынша, "Алғашқы махаббат" әні 1991 жылы режиссер Қанымбек Қасымбековтің "Қоштасқым келмейді" фильміне арнайы тапсырыспен жазылған. Аталған картина атақты әнші Мейрамбек Бесбаевтың кино әлемінде жұлдызын жағып, актерлік қырын ашқаны көпке мәлім. Ол кезде Марат Омаров "Анашым", "Әке арманы" атты әндерімен танылып келе жатқан жас композитор еді. Бастапқыда кинорежиссер мен сазгер бір-бірін танымайтын. Күндердің күнінде Марат Омаров "Қыз сыны" әнін Алматыдағы республика сарайына орындайды, сол сәтте тәжірибелі режиссер Қанымбек Қасымбеков оны байқап қалады да, ертеңінде телефон арқылы хабарласады.
"Марат Омаров мырза, сізге өзімді таныстырғым келеді. Мен Қанымбек Қасымбеков деген кинорежиссермін. Кеше сізді концерттен көріп, әніңізді тыңдадым. Мен Қалдарбек Найманбаевтың сценарийі бойынша "Қоштасқым келмейді" деген фильм түсіргелі жатырмын. Егер рұқсат берсеңіз, сіз сол фильмге композитор болсаңыз", - депті Қанымбек Қасымбеков сазгерге.
Азулы режиссерден мұндай ұсынысты күтпеген жас композитор Марат Омаров алғашқыда сасқалақтап қалғанын айтады. Өйткені өнер иесі бұрын-соңды көркем фильмдерге арнап ешқашан музыка жазбаған екен. Бірақ Қанымбек Қасымбеков жас сазгерді көндіріп, кейін екеуі кездесіп, сценарийді көрсеткен, түсірілім тобымен танысқан.
"Маған сценарий жазылған қалың кітапшаны берді де, "Марат, дайындал" деп өздері кетіп қалды. Мен аң-таң боп қалдым әлгі жерде. Киноиндустрияда бұрын тәжірибем жоқ, соншама жауапкершілік, жүрегім дір ете қалды. Содан кейін Панфилов саябағында түсті сағат 12:00-ден түс ауа 16:00-ге дейін сценарийді оқып бітірдім ғой. Ең соңында көзімнен бір тамшы жастың қалай шығып кеткенін байқамай қалдым. Өзімнің бозбала кезімдегі сәт, мектеп қабырғасындағы алғашқы махаббат, ғашықтың сезім, қыздарға жазған хаттар есіме түсті", - дейді композитор.
Марат Омаров портал тілшісіне берген сұқбатында мыңдаған жүректі жаулап, күні бүгінге дейін шырқалып жүрген "Алғашқы махаббат" әнінің кейіпкерінің кім екені туралы ұзақ жылдар бойы жасырып келген сырын алғаш рет ашық айтты.
"Бұл әнге негізгі түрткі болған Диляра Камаловна деген орыс тілінен сабақ беретін практикант апай болатын. Сол кісі біздің мектепке келді. Ол кезде 10 сыныпты аяқтап жатқан едік. Сонда ол кісіге жалғыз мен емес, сыныптағы бүкіл 30 бала ғашық болатын. Біз ғашық болған сайын, ол кісі одан сайын дене-бітімін құлпыртып, құбылатын. Өзі әрі жас, өзі татар аралас қазақ қызы еді. Біз ол апайды қимаймыз. Басқа сабақтарға келмеуіміз мүмкін, бірақ дәл сол Диляра Камаловна апайдың сабағынан қалмайтынбыз. Күндердің күнінде 8 наурыз мерекесі болды, бәрі бір-бірімен таласып түрлі сыйлықтар таратып жатыр. Сол күні біздің мектепке әлгі сұлу апайымыздың әскери-теңіз флотынан жігіті келді. Қолында гүлі бар екен. Біз төртінші қабатта оқитынбыз, терезеден қарасақ екеуі тұр. Қатты қызғанып кеттім. "Қоштасқым келмейді" фильмінің сценарийін оқып отырғанда мектептегі сол сұлу апайым есіме түсіп кетті де, "Алғашқы махаббат" әнінің ырғағы сол кезде байқалды, әуен келе бастады. Үйге жеткенше әннің әуені пайда болды. Көзімнен жас шығып кетті, өзім де қуанып келем. Түнімен ұйықтай алмадым. Әлгі әуенді күйсандықпен ойнап, таңға дейін отырдым. Әннің мәтіні жоқ, бірақ "Алғашқы махаббат" деген сөзді қосып қоямын арасында. Солай ән шықты. Ертеңінде Қанымбек Қасымбековпен кездесіп, жаңа әнді фортепианомен ойнап бердім. Ол кісі: "Бұл – шедевр" деп оң бағасын берді, ал сөзін ақын Құдайберген Қазыбековке жаздырдық", - дейді Марат Омаров.
Осылайша фильмге әуен дайын болды, енді сценарий бойынша басты рөлдегі бозбаланы таңдау керек еді. Режиссер бұл жұмысты да Марат Омаровпен бірлесе істеуді жөн көрген. Сол сәтте кастингке төрт жеткіншек келген екен. Олардың бәрі бүгінде қазақ өнерінің танымал тұлғалары.
"Режиссер Қанымбек Қасымбеков төрт баланы алып келіпті. Олардың арасында Саят Медеуов, Ақан Әбдуәлиев, Мейрамбек Бесбаев және Тоқтар Серіков бар. Ол кезде Мейрамбек танымал болып қалған еді. "Мейрамбек Бесбаевқа осы рөлді бергеніңіз дұрыс болар" деп бірден айттым. Маған Мейрамбектің ағасын ойнауды ұсынды, мен келістім. Ал "Алғашқы махаббат" әні ол кезде ел арасында өте танымал ән боп кетті. Кейін бұл әнді эстрада мен домбыраны үйлестіріп Мейрамбекке үйреттік. Менің ойымша, сол кезде ең алғаш Мейрамбек Бесбаев эстрадаға қадам басқан секілді. Басты рөлге бекітіліп, кинодағы қадамы да сол кезде басталды. Мейрамбек фильмде "Алғашқы махаббат" атты әнімді де, "Қыз сыны" әнін де орындап, кино әлемінде жарқ ете қалды. "Марат аға, сіздің әніңіздің арқасында осылай болдық" деп Мейрамбек әлі күнге дейін айтып жүреді. Оған да рақмет", - дейді композитор.
Кейін "Қоштасқым келмейді" фильмінің тұсаукесерінде аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиев Марат Омаровқа арнайы алғысын айтып, батасын берген екен. Бүгінгі таңда "Алғашқы махаббат" әнін автордың өзінен бөлек, Мейрамбек Бесбаев, Төреғали Төреәлі, Зарина Омарова сынды отандық шоу-бизнес жұлдыздары әлі күнге дейін орындайды. Композитордың айтуынша, бұл хитті өзге елдің өнерпаздары да өз тілінде шырқап жүр екен.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2161786-algashqy-mahabbat-marat-omarov-kinoda-meirambek-besbaevtyng-zhuldyzyn-zhaqqan-anning-tarihyn-aityp-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.