Зектілері

ДСМ өкілдері денсаулыққа кері әсерін тигізетін үш факторды атады

Жарияланған күні:

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа қаупі туралы айтты
Көрнекі фото: piqsels.com

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сенатта қазақстандықтардың денсаулығына қандай факторлар кері әсер ететінін айтты Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазақстандықтар арасында жұқпалы емес аурулардың көрсеткіші жоғары.

"Бүгінгі таңда елімізде, әлемдегідей, жұқпалы емес аурулар өлім-жітімнің 84 пайызына себеп болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жүрек-қан тамырлары аурулары, онкология, семіздік және қант диабеті мезгілінен бұрын қайтыс болудың 27 пайызын құрайды", - деді ол.

Денсаулыққа кері әсерін тигізетін факторлардың бірі – дұрыс тамақтанбау. Вице-министрдің айтуынша, құрамында майы, қант пен тұзы көп тағамдарды тұтыну жұқпалы емес аурулардың көбеюіне, еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына, денсаулық сақтау саласына айтарлықтай шығындарға алып келеді және жалпы экономикаға кері әсерін тигізеді.

"2022 жылмен салыстырғанда қан айналымы жүйесі аурулары мен сыртқы аурулардың деңгейі 6 пайызға, семіздік 2 пайызға, қант диабеті 17 пайызға артты. Сонымен қатар тұз тұтыну деңгейі шектен тыс жоғары – ДДҰ тәулігіне 5 грамм тұзды тұтынуды ұсынса, бізде бұл көрсеткіш 17 граммға дейін жетеді.

6-9 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы қантты сусындарды күн сайын, ал 50 пайыздан астамы апта сайын тұтынады. Осыған байланысты балалардың 20 пайызы артық салмақтан зардап шегеді, олардың 7 пайызы семіздікке шалдыққан", - деді Сұлтанғазиев.

Вице-премьер Серік Жұманғарин өз кезегінде қазақстандықтардың азық-түлікке қанша ақша жұмсайтынын айтып берді.

"2022 жылы халықтың номиналды кірісінің 23,4 пайызы азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 22,2 пайызға төмендеді. Оның ішінде 8 пайызы нан өнімдері мен жармаға, 17 пайызы етке, 5 пайызы сүт өнімдеріне, 4 пайызы көкөніс, жеміс-жидек және қантқа тиесілі.

Тұтыну шығындарының жалпы құрылымында азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалатын шығындардың үлесі әлі де 50 пайызға жуық", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2197149-dsm-okilderi-densaulyqqa-keri-aserin-tigizetin-ush-faktordy-atady/