Уақыт белдеуін бір сағатқа өзгертудің денсаулыққа әсері: маман пікір білдірді
Жарияланған күні:

"Астана медицина университеті" КеАҚ академик Е.Д. Дәленов атындағы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген уақыт белдеуін 1 сағатқа өзгерту денсаулыққа қалай әсер ететінін айтып берді.
Уақыт белдеуін 1 сағатқа өзгертудің денсаулыққа әсері соңғы кезде дау туғызуда. Кейбіреулер уақыттың шамалы өзгеруінің өзі ыңғайсыздықты, өнімділіктің төмендеуін және тіпті ұйқының бұзылуын тудыруы мүмкін деп санайды.
Дегенмен бұған дейінгі зерттеулер уақытты бір сағатқа ауыстыру іс жүзінде адам ағзасына айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетеді. Адам ағзасының сыртқы орта өзгерістеріне бейімделе алатын ғажап қабілеті бар. Ұйқы, сергектік және басқа да физиологиялық процестерді реттейтін біздің циркадтық ырғақтарымыз уақыт белдеулерін өзгерткен кезде шамалы ауытқуларға ұшырауы мүмкін. Дегенмен бір сағаттың ығысуы әдетте бұл жүйені айтарлықтай бұзу үшін тым аз.
Зерттеулерге сәйкес, бір сағаттық ауысымға бейімделу бірнеше сағатқа ғана созылады және адамдар айтарлықтай өзгеріс байқамайды. Ағза ішкі реттеу механизмдерінің арқасында жаңа кестеге оңай бейімделеді. Көбінесе уақыттың өзгеруіне байланысты ыңғайсыздық физикалық өзгерістермен емес, психологиялық қабылдаумен түсіндіріледі. Яғни адамдардың өз қабылдауына байланысты.
Бір сағаттық ауысу қиын болып жатыр десеңіз, сізге мынадай кеңестерді ұсына аламын:
- Ең біріншіден, ұйқыңызды реттеңіз. Ерте жатуды әдетке айналдырыңыз. Біздің қоғамда қазір адамдар түнде ұйқтамайды. Ұйқы дұрыс болмаған жерде денсаулық жайлы айту қиын. Сол себепті түнгі 22:00де ұйқтап қалу керек. Бұл біздің биологиялық заңдылық!
- Екіншіден, жатар алдын ағзаға көп тамақ-су ішіп немесе физикалық жүктеме көп түсірмеңіз. Бұл нәрселер ұйқыны бұзады. Уақытымен қараңғы бөлмеде ұйқтап қалу – денсаулыққа деген инвестиция деп біліңіз.
Уақыт белдеуін бір сағатқа өзгерту – бұл дене еш қиындықсыз жеңе алатын күн тәртібіміздегі кішкене өзгеріс. Көптеген дұрыс емес пікірлер медициналық дәлелдерге емес, мифтер мен психологиялық қабылдауларға негізделген. Табиғат бізге одан да маңызды өзгерістерге оңай бейімделуге мүмкіндік беретін икемділік берді. Сондықтан уайымдамаңыз, ағзаңызға сеніңіз: бір сағат сіздің денсаулығыңыз үшін қиындық тудырмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2199776-uaqyt-beldeuin-bir-sagatqa-ozgertuding-densaulyqqa-aseri-maman-pikir-bildirdi/