Астанада алғаш рет нейрохирургия саласындағы әлемнің ең үздік мамандары бас қосып, тәжірибе алмасты
Опубликовано:

Астанада 27-28 маусым аралығында Уолтер Денди атындағы нейрохирургиялық қауымдастығының Х дүниежүзілік конгресі өтіп жатыр. Онда әлемнің 20 елінен – АҚШ, Германия, Жапония, Түркия, Ресей, Қытай және басқа да елдерден 400-ден астам жетекші нейрохирург, ғалымдар мен медициналық сарапшылар өзара тәжірибе алмасады. Жыл сайын шет мемлекеттерде ұйымдастырылатын ауқымды шара биыл Орталық Азия елдері ішінде алғаш рет Қазақстанда өткізіліп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Басқосуды ұйымдастырушылардың бірі — бұрын-соңды Қазақстанда қолданылмаған 60 жаңа технология енгізген әрі ми мен омыртқаға 6000-нан аса ота жасаған беделді нейрохирург, Уолтер Денди атындағы нейрохирургиялық қоғамның 10-дүниежүзілік конгресінің президенті Серік Ақшолақов. Оның айтуынша, дүниежүзілік деңгейдегі мұндай белді конгресстің Қазақстанда өтуі — отандық нейрохирургияның жоғары деңгейде екенін аңдататын маңызды қадам.

"Конгресстің негізі 2011 жылы Америкада қаланды. Оның Астанада өтуі нейрохирургия саласындағы әлемдік жетістіктерді бөлісуге бірегей мүмкіндік береді. Отандық нейрохирургтер де бұл басқосуда бірнеше ғылыми баяндамасын бөліседі, нақтырақ айтсақ, әлемде алғаш болып жасаған бірегей отаны және гамма пышақпен 5 жыл ішінде жасалған оталардан жинақталған тәжірибені ортаға салады.
Бізде мидың ісігі, қан тамырларының ісігінің алғашқы сатысында емдеу мүмкіндігі беретін үлкен радиохирургиялық кешен бар. Бұл — Орталық Азияда гамма пышақты қолданатын жалғыз радиохирургиялық кешен. Оның көмегімен бүгінде біз 2 мыңнан астам ота жасадық. Бізге науқастар ем іздеп көрші мемлекеттерден де келіп жатыр, бұл — үлкен жетістік", - дейді ол.
Конгрестің ашылу салтанатына Уолтер Денди атындағы нейрохирургиялық қауымдастығының дүниежүзілік конгресінің жаһандық президенті Салим Абдулрауф (АҚШ), Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қазақстан парламенті мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов және ғылыми-зерттеу институттары мен медициналық орталықтардың бірінші басшылары қатысты.
Алғаш болып сөз сөйлеген Ермек Көшербаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып шықты. Қазақстан президенті хатта жиынның маңыздылығына баса назар аударды.
"Бұл — нейрохирургия саласындағы әлемнің ең үздік мамандары бас қосатын маңызды жиын. Қазақстан медицинаның озық технологиялары негізінде осы бағытты дамытуға баса мән береді.
Еліміздегі Ұлттық нейрохирургия орталығы инновациялық емдеу тәсілдерін қолдану арқылы мыңдаған адамның өмірін сақтап, сауығуына септік болды. Мұнда радиохирургияның алтын стандарты саналатын Орталық Азиядағы жалғыз гамма пышақ кешені сәтті пайдаланылып келеді. Емхана жұмысына жаңа тәжірибе мен әдіс-тәсілдер табысты енгізіліп, аяғы ауыр әйелдер мен нәрестелерге де өте күрделі ота жасалды.
Ғылыми технологияның жетістіктері, сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект әлемдегі нейрохирургия саласының көкжиегін кеңейте түсуде... Алқалы жиын кәсіби мамандардың емдеу үдерісіне қатысты тәжірибе алмасуына, сонымен қатар олардың халықаралық деңгейде өзара байланыстарын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Конгресс жұмысына табыс тілеймін", - деп жазған Тоқаев хатында.

Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өз сөзінде Ұлттық нейрохирургия орталығының жетістіктеріне тоқталды. Оның сөзіне сенсек, соңғы жылдары Ұлттық нейрохирургия орталығында 80-нен астам жаңа медициналық технология енгізілген.
Конгресстің ұйымдастыру комитетінің мүшесі, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық нейрохирургия орталығының қан тамырлары және функционалды нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ербол Махамбетовтің айтуынша, бүгінгі жиын нейрохирургияның негізін қалаған белді тұлғаның құрметіне өткізіліп отыр.
"Уолтер Дэнди атындағы дүниежүзілік қауымдастық бар. Уолтер Денди — нейрохирургияның негізін қалаушылардың бірі. Бұл конгресс те оның құрметіне елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Конгресті ұйымдастырушылар – Қазақ нейрохирургтер қауымдастығы, Уолтер Дэнди нейрохирургиялық қауымдастығы, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Ұлттық нейрохирургия орталығы.
"Ұлттық нейрохирургия орталығы" – Қазақстандағы жоғары мамандандырылған клиника. Мұнда 17 жыл ішінде 70 мыңнан астам пациент емделді, 50 мыңнан астам ота жасалды. Бүгінгі таңда орталықта 160 төсек орын қарастырылған. Орталықтың түрлі бөлімдерінде күніне 5-10 отаға дейін жасалады", - дейді ол.
Конгрессте екі күн ішінде 40-тан астам ғылыми баяндама, шеберлік сабақтары мен әлемдегі озық технологиялар ораға салынбақ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2260269-astanada-algash-ret-neirohirurgiia-salasyndagy-alemning-eng-uzdik-mamandary-bas-qosyp-tazhiribe-almasty/