jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    "50 жастағы әйел донор болды": Алматыда жүрек трансплантациясы жасалған алғашқы адам ауруханадан шықты

    ота үстелі
    Хирургтер. Көрнекі фото: pexels.com

    Алматы қалалық кардиологиялық орталығында қарашада 34 жастағы науқасқа алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды. Ол жақында үйіне шығарылды, жағдайы тұрақты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

    Басқарма мәліметінше, 34 жастағы адам созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысына шалдыққан. Ол бұған дейін жүрек ауыстыру отасын күтіп, республикалық кезекте тұрған.

    Бес сағаттан астам уақытқа созылған жүрек ауыстыру отасы сәтті аяқталды. Күрделі отаны Алматы қалалық кардиологиялық орталығының білікті мамандарынан құралған мультидисциплинарлық команда Астанадағы University Medical Center дәрігерлерімен бірлесіп жасады. Оған Қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев пен UMC корпоративтік қоры басқарма төрағасы, профессор Юрий Пя жетекшілік етті. Қажетті қолдау көрсету үшін UMC мамандары Алматыға жедел түрде келді.

    Сауыққан науқас дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылық білдіріп, әрбір кезеңде көрсетілген қамқорлық пен кәсіби біліктілікті ерекше атап өтті.

    "Ауруымның бәрі энергетик сусындардан басталды. Басында күніне бір бөтелкемен шектелсем, кейін күн сайын 8-10 энергетикалық сусынға дейін жеттім. Мұның соңы ауыр диагнозға әкелетінін аңғармаппын. Бүгін мен дәрігерлердің жанкешті еңбегінің арқасында тірімін. Енді денсаулықтың адам өміріндегі ең үлкен байлық екенін анық түсіндім", - дейді ол.

    Ауруханадан шыққаннан кейін ер адам тіркелген емханасында дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Жүрек трансплантациясын қоса алғанда, стационарлық ем, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оңалту және кейінгі медициналық бақылау мемлекеттік кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында мемлекет есебінен көрсетіледі.

    Айта кетейік, артериялық гипертензияның ауыр түрімен ауырған, инсульт алған 50 жастағы әйел донор болды. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілгеннен кейін дәрігерлер консилиумы оның ми өлімін анықтап, мәйіттік донорға рұқсат берді. Марқұмның туыстары келісімін берген соң донорлық үдеріс ұйымдастырылды.

    "50 жастағы әйел донор болды": Алматыда жүрек трансплантациясы жасалған алғашқы адам ауруханадан шықты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.