Қазақстанда ДСМ тексерісінен кейін 300-ге жуық жеке емшара кабинеті жабылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда жеке емшара кабинеттерін тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесінде 270 кабинет қызметін тоқтатқан, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ДСМ-нің мәліметінше, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген мониторингтің барысында 1900 жеке емшара кабинетінің 408-і тиісті лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткені анықталған.
"Уәкілетті орган жүргізген тексерулердің нәтижесінде 270 емшара кабинеті өз қызметін ерікті түрде тоқтатты. Бірқатар субъекті қызметін заңдастыруға дайын екенін білдіріп, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуге кірісті. 116 нысанға қатысты жоспардан тыс тексерулер басталды", - делінген хабарламада.
Аяқталған тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша мынадай жүйелі бұзушылықтар анықталған:
- медициналық қызметті лицензиясыз жүзеге асыру;
- санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамау;
- дәрілік заттарды сақтау шарттарының бұзылуы;
- білікті медициналық персоналдың болмауы;
- шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті жиынтықтардың болмауы.
Бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша:
- 147 әкімшілік хаттама толтырылған;
- жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
"Денсаулық сақтау министрлігі қабылданып жатқан шаралар ең алдымен пациенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға, медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге және заңнама талаптарын сақтауға бағытталғанын атап өтеді", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2359726-qazaqstanda-dsm-tekserisinen-keiin-300-ge-zhuyq-zheke-emshara-kabineti-zhabyldy/