Астанада қайтыс болған донордың жүрегі 60 жастағы науқастың өмірін сақтап қалды
Жарияланған күні:
Астанада кезекті донорлық үдеріс сәтті ұйымдастырылып, соның арқасында жүректі трансплантаттауды ұзақ уақыт күткен пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Telegram-дағы ресми арнасында Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астана қаласы әкімдігінің "Көпбейінді медицина орталығы" ШЖҚ МКК базасында әлеуетті донор анықталды. Донордың отбасы келісім бергеннен кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы донорлық үдерісті толық ұйымдастырды.
UMC трансплантологтар командасының қатысуымен 1966 жылы туған пациентке жүректі трансплантаттау сәтті жасалды. Қазіргі уақытта реципиенттің жағдайы операциядан кейінгі кезеңге сәйкес келеді.
Денсаулық сақтау министрлігі донордың отбасына қабылдаған ізгі шешімі үшін шынайы алғысын білдіреді. Сондай-ақ Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мамандарына, донорлық аурухананың дәрігерлеріне, UMC трансплантаттау бригадасына, санитариялық авиация қызметкерлеріне және донорлық үдерістің табысты өтуіне атсалысқан барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдіреді.
Бүгінде Қазақстанда өмірлік маңызды ағзаларды трансплантаттауды 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтіп отыр. Олардың ішінде 4 208 пациентке бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе және 5 адамға жүрек-өкпе кешенін трансплантаттау қажет.
Қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға берілген әрбір келісім – трансплантаттау өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болып отырған жандарға үміт сыйлайды. Денсаулық сақтау министрлігі трансплантологиялық қызметті дамыту, донорлық үйлестіру жүйесін жетілдіру және қоғамның ағза донорлығының маңыздылығы туралы ақпараттануын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2401028-astanada-qaitys-bolgan-donordyng-zhuregi-60-zhastagy-nauqastyng-omirin-saqtap-qaldy/