Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеді
Жарияланған күні:

Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева неліктен Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту қажет екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министр бұл туралы Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
"Адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі әлемдегі ешбір дүниемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық. Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық.
Әрине, бұл баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ, күні кеше "Хабар" арнасы түсірген "4739" деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қашналықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін.
Сөз жоқ, бұл фильм біздің адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашқандай", - деп жазды министр.
Ведомство басшысы осы күні елімізде 4739 адам трансплантация кезегінде тұрғанын, олардың арасында 125 бала барын атап өтті.
Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді, дейді ол.
"Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды.
Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр.
Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет.
Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді.
Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін", - деді Балаева.
Сондай-ақ ол бұл тақырыпты қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылау қажет екенін еске салды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2402765-aida-balaeva-qaitys-bolgannan-keiingi-donorlyqqa-kelisim-bergenin-malimdedi/
