ДСМ Қазақстанның барлық перинаталдық орталығында ауқымды тексеру жүргізеді
Жарияланған күні:

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 15 тамызға дейін Қазақстанда босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізуді тапсырған. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
ДСМ-ның мәліметінше, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады.
Тексерулердің мақсаты – санкциялар санын арттыру емес, тәуекелдердің алдын алу және оларды жою, сондай-ақ босандыру қызметін көрсететін ұйымдардағы медициналық көмектің сапасын арттыру.
"Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді", - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар министр Қазақстандағы инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәсілдерін қайта қарауды, профилактикаға басымдық бере отырып санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын жаңартуды, әрбір жағдайдың туындау себептеріне объективті баға беруді тапсырған.
"Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдарды дезинфекция және зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті ресурстармен, жеке қорғаныш құралдарымен, заманауи жабдықтармен және бір реттік шығыс материалдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі оқытуды ұйымдастыру тапсырылды.
Антибиотиктерге төзімділік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бактерияға қарсы препараттарды рецептімен босату талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді. Себебі антибиотиктерді ұтымды пайдалану микроорганизмдердің емге төзімділігінің алдын алудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2404472-dsm-qazaqstannyng-barlyq-perinataldyq-ortalygynda-auqymdy-tekseru-zhurgizedi/
