Қазақстанда дәрі-дәрмек арзандады: қай препараттардың бағасы түсті
Жарияланған күні:

Шілде айында елдегі дәріханаларда бақыланатын дәрілік заттардың төрттен біріне жуығының бағасы төмендеген, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда шілдеде 589 дәрілік препараттың бөлшек саудадағы бағасы төмендеген. Мониторинг елдің 20 өңіріндегі 2 555 атаудағы дәрілік затты қамтыған.
Бақыланған дәрілік заттардың шамамен жартысының – 1 267 препараттың бағасы өзгеріссіз қалған. Ал 147 препараттың бағасы 20 пайыздан астам төмендесе, тағы 198 препараттың бағасы 10-20 пайызға, 244 атаудың бағасы 5-10 пайызға төмендеген.
Бағасы төмендеген дәрілік заттардың қатарында инфекциялық ауруларды, жүрек-қан тамырлары ауруларын және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуде кеңінен қолданылатын препараттар бар.
"Атап айтқанда, Зитмак 250 мг №6 препаратының бағасы 24,25 пайызға, Цефтриаксон 1 г – 22,03 пайызға, Пантап 20 мг №14 – 20,1 пайызға төмендеді. Сонымен қатар Лизиноприл-ЛФ 20 мг №10 – 14,7 пайызға, Энап5 мг №10 – 13,27 пайызға, Пульмикорт 0,25 мл – 11,09 пайызға, Амоксиклав 875 мг/125 мг – 6,86 пайызға арзандады. Бағалар нақты уақыт режимінде бақыланады", - делінген хабарламада.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, дәрілік заттардың нақты құны таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы бақыланады. Бұл жүйе дәрілік препараттардың медициналық ұйымдар мен дәріханалардағы қозғалысы мен қолжетімділігін бақылауға, сондай-ақ нақты бағаларды мемлекет белгілеген шекті бағалармен салыстыруға мүмкіндік береді.
"Тұтынушылар үшін қосымша тексеру құралы ретінде Naqty Onim мобильдік қосымшасы қолжетімді. Онда препараттың өндірушісі мен дистрибьюторы, сатылатын дәріхана, сондай-ақ белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты көруге болады", - деп қосты ведомстводағылар.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2409974-qazaqstanda-dari-darmek-arzandady-qai-preparattardyng-bagasy-tusti/
