"Талон алуға кезек": Әлназарова балалардың тісін тегін емдеуге қатысты ескеретін жағдайларды атады
Жарияланған күні:

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлердің басшыларына балаларға стоматологиялық көмекті қолжетімді ету жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, мектепке дейінгі жастағы балаларға және ем алуға талон алу кезінде кезектерді жоюға ерекше назар аударылды.
"Біз үшін ең бастысы – есептілік те, қағаз жүзіндегі көрсеткіштер де емес. Әр көрсеткіштің артында нақты бала және нақты отбасы тұр. Егер ата-ана баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат беске келіп, кезекте тұруға мәжбүр болса, демек, жүйе жеткілікті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ. Біз мұны түзетуіміз керек", - деді Ақмарал Әлназарова.
Министр бүгінде елімізде балаларға стоматологиялық көмек көрсету үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасқанын атап өтті.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмек мемлекеттен қаржыландырылады. Осыған байланысты, министрдің айтуынша, қолда бар ресурстарды тиімді ұйымдастыру мен үйлестіруге назар аударылуға тиіс.
"Бүгінде балаларға стоматологиялық көмек мемлекеттен қаржыландырылады. Сондықтан бұл мәселені ата-аналардың мойнына жүктемеуіміз және әр жолы қосымша бюджет қаражатын іздемеуіміз керек. Ең алдымен, қолда бар ресурстардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру қажет.
Бала ата-анасы талон ала алмағаны немесе бірнеше сағат кезекте тұрғаны үшін ғана қажетті көмексіз қалмауға тиіс. Біздің міндетіміз – қажетті көмектің дер кезінде және отбасының тұрғылықты жеріне жақын жерде қолжетімді болуын қамтамасыз ету", - деді Ақмарал Әлназарова.
Министр облыстар әкімдерінің орынбасарлары мен бейінді басқармаларға денсаулық сақтау, білім беру басқармалары, медициналық ұйымдар және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
"Ата-аналар әлеуметтік желіге жүгінуге немесе шағым жазуға мәжбүр болғанша күтпеуіміз керек. Жергілікті жердегі басшылар мұндай мәселелерді азамат медициналық көмек алу кезінде кедергіге тап болғанға дейін анықтап, дер кезінде шешуге тиіс", - деді министр.
Кеңестің қорытындысы бойынша өңірлерге балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігі мәселесін ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2412986-talon-aluga-kezek-alnazarova-balalardyng-tisin-tegin-emdeuge-qatysty-eskeretin-zhagdailardy-atady/
