jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Алматыда төрт жасар бала 59 магнит жұтып қойған

    ота үстелі
    Хирургтер. Көрнекі фото: pexels.com

    Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына бір күнде магнит жұтып қойған үш бала түсті. Олардың біреуінің ішінен 59 магнит шар алынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

    Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлерге қиынға соққан кезекшілік туралы ақпарат таратты. Мамандар магнит жұтып қойған кішкентай балаларға бірден үш шұғыл ота жасаған.

    Бірінші пациент 2 жаста болды. Ол іш ауыруына шағымданып түскен, ал тексеру кезінде ішінде бөгде заттар бар екені анықталды. Хирургтер ота кезінде 25 магнитті алып шықты.

    Бірнеше сағаттан кейін ауруханаға 2,5 жасар екінші бала жеткізілді. Ол құсқан және іші ауырған. Тексеруден кейін оған да шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер асқазанынан 9 магнитті алып тастады. Отадан кейін бала стационарда 10 күн жатты.

    "Үшінші бала да сол кезекшілікте, таңертең, кезекшілік аяқталар тұста түскен. Баланың жасы төртке толмаған. Оның іші қатты ауырған, әлсіздік сезінген және құсқан. Тексеруден кейін асқазан-ішек жолында көптеген бөгде заттар бар екені анықталды.

    Баланың аш ішегінен 59 магнитті алып шыққанда, біздің команда нағыз шок алды. Медициналық көмекке жүгінген кезде қауіпті заттар ащы ішектің қабырғаларын тесіп үлгерген еді. Бұл 1 тамыздағы кезекшіліктегі ең күрделі оталардың бірі болды", - деді Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

    Жыл басынан бері орталыққа магнит жұтып қойған 15 бала түскен. Әрбір жағдай ерекше назар аударуды талап етеді. Себебі бірнеше магнит ағза ішінде бір-біріне тартылып, ауыр асқынуға әкелуі мүмкін.

    Дәрігерлер ата-аналарды магнитті шарлар мен ұқсас ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жететін жерде қалдырмауға және олардың немен ойнап жатқанын мұқият қадағалауға шақырды.

    Алматыда төрт жасар бала 59 магнит жұтып қойған

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram