jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Алматыда үйінде жарақат алған ер адамның жыныс мүшесіне протез салдырылды

    Ота жасалған ер адам мен дәрігерлер
    Ота жасалған ер адам мен дәрігерлер. Фото: №7 қалалық клиникалық аурухана

    Алматыда ер адам құрылыс жұмыстары кезінде жамбас сүйегін сындырып, несеп жолын үзіп алды. №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері оған жыныс мүшесінің протезін салып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматыда №7 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері ауыр жамбас және несеп-жыныс жүйесі жарақатын алған науқасты толық оңалтты.

    Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасында үйінде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде аса ауыр жарақат алған 40 жастағы науқастың көп кезеңді емі сәтті аяқталды.

    Ер адам ауруханаға жамбас сүйектерінің сынуы және несеп шығару өзегінің қуықтан толық ажырап кетуі диагнозымен түскен. Мұндай жарақаттар урология мен травматологиядағы ең күрделі жағдайлардың қатарына жатады және өлімге әкелуі мүмкін. Науқас аман қалған жағдайда мұндай жараққаттар әдетте зәр шығарудың ауыр бұзылыстарына, мүгедектікке және ағзаның маңызды функцияларының жоғалуына әкеліп жатады.

    Оталарды жасаған, №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-урологы Руслан Жұмаділовтің айтуынша, ем бірнеше кезең бойынша жүргізілген. Алдымен дәрігерлер жамбас сүйектерін репозиция жасап, зақымдалған несеп шығару өзегін айналып өтіп, зәрді сыртқа шығаруға мүмкіндік беретін эпицистостома орнатқан.

    Кейін несеп шығару жолдарының тұтастығын қалпына келтіруге бағытталған күрделі реконструктивті операция жасалды. Дәрігерлер несеп шығару өзегін қайтадан қуықпен жалғап, науқастың табиғи жолмен зәр шығару функциясын қалпына келтірді.

    Ауыр жарақат салдарынан науқаста эректильді функция да жоғалған. Өмір сапасын жақсарту мақсатында мамандар фаллопротездеу операциясын жасап, жыныс мүшесінің протезін орнатты.

    Кезең-кезеңімен жүргізілген ем және мультидисциплинарлық дәрігерлер тобының үйлесімді жұмысының нәтижесінде науқас толық оңалтудан өтіп, қалыпты өміріне және әлеуметтік белсенділігіне қайта оралды. Кейін оған бұрын белгіленген мүгедектік те алынып тасталды.

    №7 қалалық клиникалық аурухананың директоры, PhD докторы Нурдос Кадырбековтің айтуынша, бұл клиникалық жағдай заманауи урология мен реконструктивті ортопедияның мүмкіндіктерін көрсетеді.

    "Мұндай жарақаттар клиникалық тәжірибеде ең ауыр әрі сирек кездесетін жағдайлардың бірі саналады. Мамандарымыздың кәсіби біліктілігі мен заманауи технологияларды қолданудың арқасында біз науқастың өмірін сақтап қана қоймай, жоғалған функцияларын қалпына келтіріп, оның толыққанды өмір сапасына қайта оралуына мүмкіндік бердік", — деп атап өтті Нурдос Кадырбеков.

    Алматыда үйінде жарақат алған ер адамның жыныс мүшесіне протез салдырылды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram