jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері кей дәрілердің бағасын енді мемлекет емес, нарық реттейтінін мәлімдеді

    Дәрілер
    Дәрі-дәрмек. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Владимир Третьяков

    Елімізде бағасын мемлекет ырықтандыратын дәрілік препараттар тізімі өзгереді. Болашақта 1200-ден астам дәрінің бағасын нарық реттейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

    Денсаулық сақтау министрлігі құны 1 АЕК-ке дейінгі, яғни 4 325 теңге болатын дәрілік заттарды мемлекеттік баға реттеу жүйесінен шығарып жатыр.

    "Бұл шара бәсекелестікті дамытуға, дәрілік заттардың ассортиментін кеңейтуге және олардың халық үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде 1 200-ден астам дәрілік заттың бағасы нарықтық тетіктердің негізінде қалыптастырылады", - дейді ведомство өкілдері.

    Министрлік өкілдерінің пікірінше, бағасы төмен дәрілік заттарды мемлекеттік баға реттеуінен шығару нарық қатысушыларына сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, бағаны өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Бағаларды кезең-кезеңімен ырықтандыру аясында Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен көтерме және бөлшек саудада өткізу кезінде бағасы реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесіне өзгерістер енгізілді.

    "Жаңартылған тізбеге сәйкес мемлекеттік баға реттеуіне жататын позициялардың саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқартылды.

    Осылайша мемлекеттік реттеу неғұрлым нысаналы сипатқа ие болып, халық үшін қолжетімділігін қосымша қорғауды қажет ететін дәрілік заттарға шоғырландырылады", - делінген хабарламада.

    Дәрілік заттардың бір бөлігін нарықтық баға белгілеу тетіктеріне көшіру фармацевтикалық нарық мониторингін күшейтумен қатар жүргізіледі.

    Денсаулық сақтау министрлігі бағаларды мониторингтеу және бақылау тетіктерін, оның ішінде тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы жетілдіру мәселесін пысықтауда. Цифрлық құралдар дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға және олардың айналымының әртүрлі кезеңдеріндегі нақты бағаларды талдауға мүмкіндік береді.

    2024 жылғы шілдеде міндетті таңбалау енгізілгеннен бері жүйе арқылы шамамен 1,1 млрд қаптама дәрілік зат өткізілді.

    Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың белгіленген шекті бөлшек сауда бағасының асып кеткен фактілері анықталған жағдайда DariKZ мобильдік қосымшасы арқылы растайтын материалдарды (тауар чегі мен дәрілік заттың қаптамасын) қоса тіркеп, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне өтініш жіберуге болатынын еске салды.

    Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері кей дәрілердің бағасын енді мемлекет емес, нарық реттейтінін мәлімдеді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram