Қазақстандықтар 2027 жылдан бастап МӘМС-сіз де медициналық көмек ала алады
Жарияланған күні:
Читать на русском
2027 жылдан бастап қазақстандықтар емханаларда МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан базалық медициналық көмек ала алады. Азаматтарға қандай қызметтер тегін көрсетілетінін KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыз.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың тегін медициналық қызмет алуын жеңілдететін бұйрық жобасын әзірледі.
Жобаға сәйкес, 2027 жылғы қаңтардан бастап қазақстандықтар емханаға алғашқы рет жүгінген кезде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, базалық медициналық көмек ала алады.
Алғаш рет жүгінген кезде мынадай медициналық қызметтер қолжетімді болады:
- жалпы қан және зәр талдауы;
- артериялық қысымды және денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштерін өлшеу;
- ЭКГ;
- пульсоксиметрия;
- флюорография;
- жекелеген функционалдық зерттеулер;
- құрсақ қуысы ағзалары мен бүйректердің ультрадыбыстық зерттеуі.
Өзгерістер медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшуге байланысты.
"Жаңа тәсіл халық үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, оны алу тәртібін нақты айқындауға және медициналық көмек пакеттері арасында көрсетілетін қызметтердің қайталануын болдырмауға бағытталған", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жобада медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияланған алгоритмдік жүйелерді пайдалана отырып, азаматтарға автоматты түрде қоңырау шалу мүмкіндігі қарастырылған. Жоба авторларының пайымдауынша, бұл пациенттерді жедел ақпараттандыруға және емханалардағы ұйымдастырушылық процестердің бір бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы талқылау сатысында, ол 2026 жылдың 23 қазанына дейін жалғасады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2440447-qazaqstandyqtar-2027-zhyldan-bastap-mams-siz-de-meditsinalyq-komek-ala-alady/