jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Жалған анықтамалар берілуі мүмкін: ДСМ Алматыдағы клиникаға қатысты тексеру жүргізеді

    Еңбекке жарамсыздық парағы
    Еңбекке жарамсыздық парағы. Фото: ullstein bild/Getty Images

    Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде жалған медициналық анықтамалар берілуі мүмкін деген ақпараттан кейін Алматыдағы жеке клиниканы тексермек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде жарияланған жазбадан кейін Алматыдағы жеке клиникалардың біріне жоспардан тыс тексеру жүргізбек. Тексеру жалған медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшалар берілуі мүмкін деген деректерді анықтауға бағытталған.

    Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар расталған жағдайда, уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды.

    "Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ жалған құжаттарды көрінеу пайдалану қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.

    Медициналық құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес нақты жүргізілген медициналық қарап-тексерулер мен зерттеулердің нәтижелері бойынша ғана рәсімделуге тиіс. Белгіленген тәртіпті айналып өтіп, мұндай құжаттарды рәсімдеуге және пайдалануға жол берілмейді.

    Заңсыз құжат рәсімдеген адамдар ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын көрінеу сатып алған немесе пайдаланған азаматтар да жауаптылыққа тартылуы мүмкін", - делінген хабарламада.

    Министрлік азаматтарды медициналық негіздерсіз анықтама немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеу туралы ұсыныстарға келіспеуге, медициналық ұйым қызметінің заңдылығын тексеруге және анықталған заңбұзушылықтар туралы құзыретті органдарға хабарлауға шақырады.

    "Министрлік еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алу үдерісін қайта қарап, оңтайландырды. Енді медициналық ұйым қызметкері медициналық ақпараттық жүйеде (МАЖ) құжатқа электрондық цифрлық қолтаңба қойғаннан кейін ғана еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Бұл құжаттың заңдылығын растауға мүмкіндік береді.

    Еңбекке уақытша жарамсыздық парағының ашылғаны туралы ақпарат азаматтың келісімімен жұмыс берушіге жолданады. Атап айтқанда, hr.enbek.kz порталында жұмыс берушіге еңбекке уақытша жарамсыздық парағының ашылғаны және ұзартылғаны туралы мәліметтер қолжетімді болады. Ал қызметкер бұл құжатты Enbek HR мобильдік қосымшасы арқылы көре алады", - деп қосты ведомство өкілдері.

    Жалған анықтамалар берілуі мүмкін: ДСМ Алматыдағы клиникаға қатысты тексеру жүргізеді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram