"Өз қаражатына сатып алуына жол беруге болмайды": Бектенов тегін дәрі-дәрмекке қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысы барысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің цифрлық тетіктерін одан әрі жетілдіре түсуге назар аударды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрлігіне емделушілерге берілгенге дейін дәрі-дәрмек қозғалысының толық цифрлық мониторингін қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер министрдің айтуынша, сатып алынған дәрілік заттар бола тұра, емделушілердің оларды уақытылы ала алмауы немесе өз қаражатына сатып алуы сияқты жағдайларға жол беруге болмайды.
"Бүгінде электрондық рецептілерді қолдану мен дәрілік заттардың берілуін цифрлық растау аясы айтарлықтай кеңейіп келеді. Яғни "Әлеуметтік әмиян" арқылы қамтамасыз ету үлесі 80 пайыздан асты. Бұл тетікті одан әрі жетілдіре түсу керек. Ол дәрілік заттардың есебін жүргізіп қана қоймай, емделушінің өзіне тиесілі дәріні нақты алуына да кепілдік береді.
Сондай-ақ дәрі-дәрмек тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды тез арада қайта бөлу және сол арқылы емдеу ісінде үзілістерді болдырмау өте маңызды. Сатып алынған дәрілік заттар бола тұра, емделушілердің оларды уақытылы ала алмауы немесе өз қаражатына сатып алуы сияқты жағдайларға жол беруге болмайды", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл бағытта цифрландыру қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. 2024 жылдан бастап енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға, қалған көлемді бақылауға, бұзушылықтар мен жекелеген өнімдердің тапшылығын анықтауға мүмкіндік береді.
Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне:
- емделушілерге берілгенге дейін дәрілік заттардың қозғалысына толық цифрлық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді;
- шекті бағалардың сақталуына бақылауды күшейтіп, қаржы жымқыру әрекеттеріне қатаң тосқауыл қоюды;
- ақысыз беруге арналған дәрілерді заңсыз сатудың алдын алу үшін оларды таңбалау тетігін пайдалануды тапсырды.
"Емделушілерді толықтай қамтып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз еткен жөн. Науқас адам өзіне қажетті дәрі-дәрмекті міндетті түрде әрі дер кезінде алуы керек. Бұл жұмыстың басты нәтижесі де осында", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2451338-oz-qarazhatyna-satyp-aluyna-zhol-beruge-bolmaidy-bektenov-tegin-dari-darmekke-qatysty-pikir-bildirdi/