Әлназарова қай санаттағы медицина қызметкерлерінің еңбекақысы өсетінін айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Үкімет кулуарында өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл жолы стационардағы медициналық қызметкерлердің жалақысы мен үстемақысы неліктен өспейтінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әңгіме күрделі ота жасап, тәулік бойы кезекшілік атқаратын хирургтер, реаниматологтер және басқа да бейінді мамандар туралы болып отыр.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2020 жылдан бастап барлық медицина қызметкерінің еңбекақысы 2,5 есе өскен.
"2025 жылы психоэмоционалдық жүктемені ескере отырып, мамандардың ауысуына қатысты талдау жүргізіліп, үстемақыны кезең-кезеңімен арттыру көзделді. Мәселен 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші шепте тұрған және тәулік бойы жұмыс істейтін жедел медициналық көмектің барлық маманына психоэмоционалдық және физикалық жүктеме үшін үстемақы өсті.
Инфекциялық қызмет мамандарына ерекше еңбек жағдайларында, атап айтқанда инфекциялық науқастармен жұмыс істегені үшін үстемақы төленді. Инфекциялық қызметте жұмыс істейтін 24 мыңнан астам медицина қызметкеріне үстемақы ұлғайтылды", - деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі.
Бұл ретте оның айтуынша, президент емхана мамандарына берілетін үстемақыны көтеруді тапсырды, өйткені бүгінде мамандар тапшылығы ең алдымен АМСК саласында болып отыр.
"Қазір өте жоғары тұрақсыздық байқалады – 12 ай ішінде емхана мамандарының ауысуы іс жүзінде 50 пайызға жетеді. Бұл ретте олар үлкен жүктемені сезінеді: жұмыс орнын ауыстыра алмайды немесе үзіліске шыға алмайды. Учаскелік дәрігер мен учаскелік медбике үйде, учаскеде атқаратын жұмысын ескере отырып, үлкен психоэмоционалдық жүктемені көтереді.
Дәл осы үздіксіз жұмыс өтілі үшін үстемақыны ұлғайту тапсырылды, өйткені біз мұнымен бірден бірнеше міндетті шешеміз – бірінші кезекте тапшылықты азайту және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін мамандарды осы учаскеде және жалпы алғашқы буында бекіту. Мәселен қазір үздіксіз жұмыс өтілі үшін жаңа үстемақылармен осы уақытқа дейін ешқандай үстемақы алмаған әлеуметтік қызметкерлер, патронаждық медбикелер қамтылады", - деді Әлназарова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2451398-alnazarova-qai-sanattagy-meditsina-qyzmetkerlerining-engbekaqysy-osetinin-aitty/