jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Медицина ұйымдарының басшыларын аттестаттау: әр бесінші адам тестілеуден өте алған жоқ

    дәрігер
    Дәрігер. Көрнекі фото: pexels.com

    Қазақстанда медицина ұйымдары басшылары мен басшы орынбасарларын аттестаттау қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары мен басшы орынбасарларын аттестаттау жүріп жатыр.

    2026 жылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша тест тапсырғандардың 20 пайызы (немесе әрбір бесіншісі) шекті балл жинамады.

    "Аттестацияның бірінші кезеңі (тестілеу) 14 қазаннан бастап өткізіліп жатыр. Көрсетілген күнге дейін оған 15 өңірден 235 адам қатысты, бұл аттестацияға қатысатындардың жалпы санының 72,1 пайызы.

    Алдын ала мәлімет бойынша, 188 қатысушы немесе 80 пайызы тестілеуден сәтті өтті. Тағы 47 адам (20 пайыз) қажетті балл санын жинамады. Олардың арасында 25 басшы және 22 орынбасар бар. Сонымен қатар 27 адам тестілеуге келмеген", - деді баспасөз қызметіндегілер.

    Ең көп теріс нәтиже Ақмола, Маңғыстау, Қостанай облыстарында тіркелді.

    Шекті балды жинай алмаған қатысушылардың жалпы санының 55,3 пайызы осы үш өңірге тиесілі.

    Астана мен Павлодар облысында барлық қатысушы тестілеуден сәтті өтті.

    "Басшылардың кәсіби құзыреттілігін тексеру медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі үшін тікелей маңызға ие.

    Медициналық қызметтердің уақытылы көрсетілуі, мекемелердің жұмысын ұйымдастыру, ішкі процестердің тиімділігі басқарушылық шешімдерге тәуелді. Бұл ретте аттестация тек көрсетілген медицина ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына қатысты ғана өткізілетінін атап өткен маңызды", - делінген хабарламада.

    Ведомствода кәсіби құзыреттілікке аттестациялау қағидаларына сәйкес, тестілеуден теріс нәтиже алған қатысушылар әңгімелесуге жіберілмейтінін және алты айдан кейін қайта аттестацияға жататынын нақтылады.

    Ұсынылған деректер аттестацияның соңғы қорытындысы емес, бірінші кезеңнің аралық нәтижелері екені атап өтіледі.

    Тестілеу 2026 жылғы желтоқсанға дейін жалғасады.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram