Ғалымдар салмақ тастауға арналған интервалды ашығудың тиімді уақыт аралығын анықтады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Nutrition & Diabetes журналында жарияланған бес зерттеудің мета-талдауы 8 сағаттық тамақтану режимі 12 сағаттық режимге қарағанда тиімдірек екенін көрсетті, деп жазады News-Medical басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Халықаралық ғалымдар тобы интервалды ашығудың (TRE) оңтайлы ұзақтығын анықтау мақсатында Nutrition & Diabetes ғылыми журналында жарияланған бес клиникалық зерттеудің деректері біріктірілген талдау жасады. Зерттеуге АҚШ пен Еуропа елдерінен метаболикалық синдромның кемінде бір белгісі бар және тәулігіне 14 сағат тамақтану әдеті бар орташа жасы 47-дегі 124 ересек ерікті қатысты. Қатысушылар калорияны шектемейтін 8, 10 және 12 сағаттық тамақтану интервалдары бар топтарға бөлінді.
Үш айдан алты айға дейін созылған эксперименттердің қорытындысы бойынша, интервалды ашығуда болған қатысушылар тамақтану уақытын орта есеппен төрт сағатқа қысқартып, дене салмағын 2,18 келіге төмендетті. Бұл ретте 8 сағаттық тамақтану терезесі ең жоғары тиімділікті көрсетті: бұл топтың қатысушылары бақылау тобымен және 12 сағаттық режимдегі сыналушылармен салыстырғанда көбірек салмақ тастады. 10 сағаттық терезе нәтижелері 8 сағаттық интервалмен салыстырғанда статистикалық тұрғыдан айтарлықтай айырмашылық көрсетпеді, алайда 10 сағаттық топта 12 сағаттық топпен салыстырғанда систолалық артериялық қысымның айтарлықтай төмендегені тіркелді.
Ғалымдар тамақтану уақытын қысқартудың аш қарынға глюкоза деңгейіне және липидтік профиль көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етпегенін атап өтті. Зерттеу авторлары түпкілікті қорытынды жасау үшін ұзақ мерзімді және ауқымды зерттеулер жүргізу қажеттігін ескертті.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthy-lifestyle/2427635-galymdar-salmaq-tastauga-arnalgan-intervaldy-ashygudyng-tiimdi-uaqyt-aralygyn-anyqtady/