Он жылға созылған зерттеу нәтижесінде кофе ішу мен 2-типті диабет қаупі арасында байланыс бары расталмады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ирандық ғалымдар ересектердегі күнделікті кофе ішудің 2-типті диабеттің даму қаупіне әсерін бағалайтын он жылға созылған бақылау нәтижелерін жариялады, деп хабарлады News Medical басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Тегерандағы Шахид Бехешти атындағы медицина ғылымдары университетінің ғалымдары он жылдық когорттық зерттеу жүргізіп, Nutrition & Diabetes ғылыми журналында жариялалды. Мамандар кофе ішу әдетінің 2-типті қант диабетінің даму қаупіне әсерін бағалады. Зерттеуге Tehran Lipid and Glucose Study (TLGS) ұзақ мерзімді жобасы аясында 20 мен 86 жас аралығындағы 4358 ересек ерікті қатысты. Бақылау басталған кезде қатысушылардың ешқайсысында диабет, онкологиялық немесе жүрек-қан тамырлары аурулары болмаған.
Еріктілердің тамақтану рационын бағалау үшін 168 тармақтан тұратын тамақтану жиілігін анықтайтын валидацияланған сауалнама қолданылды. Қатысушылар сусынды тұтыну көлеміне қарай төрт санатқа бөлінді: кофе ішпейтіндерден бастап аптасына үш және одан да көп кесе кофе ішетіндерге дейін. Он жылға созылған бақылау кезеңінде зерттеушілер 2-типті диабетпен ауырудың 369 жаңа жағдайын тіркеді. Деректерді талдау кезінде ғалымдар жасты, жынысты, дене салмағының индексін, физикалық белсенділік деңгейін, темекі шегуді, отбасылық анамнезді және рационның жалпы калориясын ескерді.
Нәтижелер кофе ішу мен диабетпен ауырудың арасында статистикалық тұрғыдан маңызды байланыстың жоқтығын көрсетті. Көпфакторлы түзету кофе тұтынудың орташа немесе жоғары деңгейінде айқын қорғаныс рөлін немесе жоғары қауіпті анықтаған жоқ. Топшаларды талдау 50 жастан асқан адамдарда немесе дене салмағы қалыпты адамдарда қауіптің төмендеуіне қатысты белгілі бір үрдіс байқалғанын көрсетті, алайда бұл көрсеткіштер статистикалық маңыздылыққа ие емес. Авторлар алынған қорытындылар болашақ зерттеулерде қосымша растауды қажет ететінін атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз