Ғалымдар: Қысқа спринттік жүгіру қан молекулаларына ұзақ қашықтыққа жүгіруден гөрі көбірек әсер етеді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Health басылымының жазуынша, спринттік интервалды жаттығулар созылмалы аурулардың даму қаупін төмендететін ақуыздардың тез бөлінуіне ықпал етеді, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Рокфеллер университетінің зерттеушілері әр түрлі қарқындылықтағы жаттығулардың адам қанының молекулалық құрамына әсерін зерттеді. Доцент Пол Коэннің жетекшілігімен жүргізілген ғылыми жұмыстың нәтижелері Cell Reports Medicine ғылыми журналында жарияланды.
Тәжірибе барысында 19 жас әрі дені сау ерікті велотренажерде жаттығу үшін екі топқа бөлінді. Бірінші топ максималды жүктемемен 30 секундтық алты спринт жасап, арасында төрт минут демалды, ал екінші топ 90 минут бойы орташа қарқынмен педаль тепті. Қан анализі спринттік топқа қатысушыларда ақуыздар мен басқа да молекулалар деңгейінің айтарлықтай өзгергенін көрсетті. Атап айтқанда, қысқа әрі қарқынды жаттығулар тіндерді қалпына келтіруге және қан тамырларының өсуіне жауап беретін ақуыздардың бірден көбеюіне түрткі болды, ал ұзаққа созылған орташа жаттығудан кейін мұндай ақуыздар қанда тек бірнеше сағаттан соң ғана пайда болды.
UK Biobank жобасына қатысқан 53 мың адамның деректеріне жүргізілген қосымша талдау спринттен кейін бөлінетін молекулалар семіздік пен 2-типтік диабеттің даму қаупін төмендететінін көрсетті. Вейлл Корнелл медициналық колледжінің дәрігері Асад Сиддики нәтижелер ағзаның жүктемеге әр түрлі реакция беретінін көрсеткенімен, қарапайым адамдарға орташа қарқынды жаттығулардан бас тартуға болмайтынын атап өтті. Сарапшылар күштік, аэробикалық және тепе-теңдік жаттығуларын үйлестіріп, физикалық белсенділікті жеке мүмкіндіктерге қарай таңдауға кеңес берді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз