Қанша адам үнемі тамақ туралы ойлай береді және бұл ойлар неден туындайды
Жарияланған күні:
Читать на русском
News Medical басылымының жазуынша, 1000 ересек америкалық қатысқан сауалнама нәтижесінде адамдардың шамамен жартысы тамақ туралы еріксіз ойлай беретіні анықталды, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Зерттеушілер "тағамдық шу" (food noise) феноменінің, яғни тамақ туралы тұрақты әрі еріксіз ойлардың таралуын зерттеу үшін АҚШ-тың 1000 ересек тұрғыны арасында жүргізілген Мінез-құлық медицинасы қоғамының (SBM) сауалнама деректеріне талдау жасады. Ғылыми жұмыстың нәтижелері Obesity Science & Practice журналында жарияланды.
Респонденттердің шамамен 18%-ы "тағамдық шуды" жиі немесе үнемі сезінетінін айтса, 50%-дан астамы оны мезгіл-мезгіл бастан кешіреді. Әйелдер ерлерге қарағанда тамақ туралы еріксіз ойлардың жиі мазалайтынын мойындады (22,7% және 12,7%). Сондай-ақ бұл көрсеткіш 29 жасқа дейінгі жастар арасында (26,5%) 60 жастан асқан респонденттерге (13,5%) қарағанда жоғары болды. "Тағамдық шудың" пайда болу ықтималдығын алты есеге жуық арттыратын басты фактор тамақтануды бақылаудың жоғалуы болып шықты.
Ғалымдар басқа да негізгі факторлардың қатарына GLP-1 препараттарын қабылдауды (ықтималдығы 60%-ға жоғары), салмақ тастауға талпынысты, табыс деңгейінің жоғарылығын, сондай-ақ азиялық текті атап өтті. Талдау көрсеткендей, жиі болатын "тағамдық шу" диета сапасының төмендігімен және психикалық денсаулықтың нашарлауымен байланысты. Авторлар бұл терминнің әзірге нақты ғылыми анықтамасы жоқ екенін және оның тағамдық тәуелділік немесе компульсивтік артық тамақтану сияқты белгілі ұғымдармен ұштасуы мүмкін екенін ескертті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthy-lifestyle/2437794-qansha-adam-unemi-tamaq-turaly-oilai-beredi-zhane-bul-oilar-neden-tuyndaidy/