Ұзақ жылдар түнгі ауысымда жұмыс істеу әйелдердің биологиялық сағат гендерінде өзгеріс тудырады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Түнгі жұмыс кестесі циркадтық ырғақ гендерінің экспрессиясын бұзып, олардың үйлесімділігін әлсіретеді, деп жазды News Medical-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ғалымдар Frontiers in Endocrinology журналында түнгі ауысымда ұзақ жылдар бойы жұмыс істеудің циркадтық гендер экспрессиясына әсеріне арналған зерттеу нәтижелерін жариялады. Кросс-секциялық зерттеуге 37 мен 66 жас аралығындағы 93 медицина қызметкері қатысты. Еріктілер екі топқа бөлінді: 47 адам тек күндізгі ауысымда жұмыс істесе, 46 адамның тұрақты түнгі жұмыс тәжірибесі болған, оның ішінде 57 пайыз қатысушы мансабында 1000-нан астам түнгі ауысымды өткерген.
Зерттеу авторлары CLOCK, TEF, PER1, PER3 және YY1 гендерінің экспрессия деңгейін бағалай отырып, ОТ-ПЦР әдісі арқылы таңертеңгі ашқарынға алынған қан үлгілеріне талдау жасады. Талдау нәтижесі түнгі уақытта жұмыс істейтін әйелдерде CLOCK, TEF, PER1 және YY1 гендерінің экспрессия деңгейі күндізгі кестедегі әріптестеріне қарағанда айтарлықтай төмен болғанын көрсетті. Деңгейі айтарлықтай өзгермеген жалғыз ген PER3 болды, алайда оның желісіндегі байланыстар да трансформацияға ұшыраған.
Зерттеушілер TEF және YY1 гендерінің көрсеткіштері түнгі уақытта ұзақ еңбек өтілі болғанда және ауысымдардың жалпы саны көп болғанда барынша төмендейтінін анықтады. Сонымен қатар түнгі ауысымда жұмыс істейтіндерде циркадтық реттеу гендері арасындағы жалпы жүйелік үйлесімділік әлсіреген. Ғалымдар алынған нәтижелер бұл өзгерістердің қайтымды екенін және олардың денсаулыққа ұзақ мерзімді қауіп-қатерге қалай әсер ететінін түсіну үшін одан әрі зерттеулерді қажет ететінін атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthy-lifestyle/2440531-uzaq-zhyldar-tungi-auysymda-zhumys-isteu-aielderding-biologiialyq-sagat-genderinde-ozgeris-tudyrady/