Атырауда ерекше балаларға арналған спорт кешені салынады
Жарияланған күні:

Атырауда ерекше балаларға арналған спорт кешені бой көтереді. Нысан ерекше қажеттілігі бар балалардың адаптивтік және инклюзивтік спорт түрлерімен айналысу арқылы физикалық белсенділігін арттырып, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Бұрын-соңды аймақта мұндай орталық болмаған. Ұл-қыздарын оңалтқысы келетін ата-аналардан көп ұсыныс түсіпті. Кешенде бір мезгілде 100 адам жаттыға алады. 5 жолақты 25 метрлік бассейн, ойын, фитнес, сауықтыру залдары, оқу-жаттығу жиынына арналған бөлме жобаланған. Ол үшін қаланың орталығынан 1,4 гектар жер бөлініпті.
Құрылыс келесі жылы басталып, екі жыл ішінде пайдалануға беру жоспарланған. Балалармен бірге ересектер де спортпен шұғылдана алады. Аймақта психикалық дамудың тежелуі, аутизм , даун диагнозымен 5800-ге тарта адам бар. Спорт басқармасындағылар спорт кешенінде жұмыс істейтін мамандарды даярлауды қазірден қолға алыпты.
"Ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандардың тапшылығына байланысты осы жылы Атырау облысының әкімінің грантын бөлгенбіз. Астана қаласында арнайы университетке. Ол жерде бейімделген дене шынықтыру, оңалтуға байланысты біз 7-8 грант бөлдік. Ол мамандар оқып келіп, осы арнайы салынған инклюзиялық орталықта осындай ерекше балалармен жұмыс жасайтын болады", - дейді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthy-lifestyle/2450235-atyrauda-erekshe-balalarga-arnalgan-sport-kesheni-salynady/